RU

Билл Гейтс 27 жыл бірге тұрған әйелімен ажырасатынын мәлімдеді

Билл Гейтс жарымен
Фото: Bill Gates/Facebook

Әлемдегі ең бай адамдардың бірі, америкалық кәсіпкер Билл Гейтс пен жұбайы Мелинда 27 жылға созылған некеден кейін ажырасуға бел буғанын мәлімдеді. Бұл туралы олардың Twitter-дегі жазбаларынан белгілі болып отыр.

"Біз қарым-қатынасымыз туралы көп ойлана келе некемізді бұзу туралы шешім қабылдадық. 27 жыл ішінде біз үш керемет баланы тәрбиелеп, бүкіл әлемде жұмыс ісейтін әрі барлық адамға салауатты және тиімді өмір сүруге мүмкіндік беретін қор құрдық", - делінген мәлімдемеде.

Десе де, олар Билл мен Мелинда Гейтс қайырымдылық қорында бірге жұмыс істей беретінін алға тартты.

MarketWatch мәліметінше, Билл мен Мелинда 1987 жылы танысқан. Ол кезде Мелинда Microsoft корпорациясында менеджер болып жұмыс істеген.

Олар жеті жылдан кейін отбасын құрған. Той Гавайиде өтті. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар: Дженнифер Катарин Гейтс, Рори Джон Гейтс және Фиби Адель Гейтс.

Билл Гейтстің мүлкі 100 миллиард доллардан асады. Билл және Мелинда Гейтстің қоры 2000 жылы құрылды және 50,7 миллиард доллар активімен АҚШ-тағы ең ірі жеке қор болып саналады.

Еске салсақ, бұған дейін Билл Гейтс өзінің пандемияға қатысы бар деген мәліметті жоққа шығарған еді.

Одан бөлек, миллиардер коронавирус пандемиясының қашан аяқталуы мүмкін екенін айтып берген болатын.

Fox News басылымына берген сұхбатында миллиардер пандемия 2022 жылдың соңына қарай аяқталуы мүмкін екенін алға тартқан.

Сонымен қатар, Билл Гейтс келесі пандемия коронавирустан да бетер болуы мүмкін екенін де ескертті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910849-bill-geits-27-zyl-birge-bolgan-aielimen-azyrasatynyn-malimdedi/