Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздің бұрынғы бас әскери прокуроры "Челах ісіне" қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Ерғали Мерзадинов
Ерғали Мерзадинов. Фото: Sputnik / Абзал Калиев

Еліміздің бұрынғы бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов Арқанкерген шекара бекетінде қаза болған 14 сарбаз бен бір қорықшынының өлімі үшін айыпталып, өмір бойына сотталған Владислав Челахқа қатысты іске пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ерғали Мерзадинов бас әскери прокурор болған кезінде осы атышулы істің тергеуін жеке бақылаған.

Оның сөзінше, кез келген қылмыс, әсіресе қоғамдық резонанс тудырған қылмыс құқық қорғаушыларға артылған жауапкершілікті күшейте түседі.

"Егер бірнәрсе болса, мәселен, "Арқанкерген" шекара бекетіндегі секілді қайғылы жағдай болса, прокуратураның, құқық қорғау органдарының кез келген қызметкері әділдік орнауы үшін барлығын жасауға міндетті деп ойлаймын.

"Арқанкерген" ісі бойынша біз өз уақытында көп ақпарат бердік деп ойлаймын. Үкім оқылып, ол заңды күшіне енді. Жантүршігерлік қылмысты жасаған кінәлі адам өзінің лайықты жазасын алды. Қылмысты тергеуге қатысқан қызметкерлер өз міндетін лайықты атқарды деп есептеймін", - дейді Ерғали Мерзадинов.

Еске сала кетсек, Владислав Челах 2012 жылы "Арқанкерген" бекетінде өзінің қызметтестерін яғни 14 шекарашы мен бір қорықшыны өлтірді деп айыпталып, өмір бойына сотталған болатын.

Челах Жоғарғы сотқа өтініш түсіргенімен, оның үкімі өзгеріссіз қалды.

Қазір сотталушы жазасын Қостанай облысындағы "Қара бүркіт" түрмесінде өтеп жатыр.

Айта кетсек, өткен жылдың наурыз айында Владислав Челахтың өз-өзіне қол жұмсағаны жайлы ақпарат пайда болған еді. Кейінірек, Ішкі істер министрлігі бұл мәліметті теріске шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910915-elimizdin-buryngy-bas-askeri-prokurory-celax-isine-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel