RU

"Шылым шегеді": ШҚО-да 100 жастағы ардагерді облыс әкімімен кездесуден "сызып" тастаған

Фото
Фото: Instagram/ilove_uka

ШҚО-да Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагері Хауа Бұланбаеваның облыс әкімімен кездесуіне қатысты шу шықты. Белгілі болғандай, бастапқыда "қариямен кездесемін" деп сендірген басшылық кейіннен "шылым шегетіні" үшін әжейге келуден бас тартқан. Облыс әкімдігінің бұл "әрекетін" түсінбеген ардагердің немересі Манат Нұрмұхамбетов жай-күйді желіге жүктеп, мәселе аз уақытта көптің қызу талқысына түскен еді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі баяндайды.

100 жастағы ардагердің немересі Манат Нұрмұхамбетовтің уәжі Instagram-дағы парақшалардың бірінде пайда болған.

"Маған жақында Өскемен қ. әкімдігінен хабарласқан болатын. Олар Ұлы Отан соғысы ардагері, 100 жасқа толған әжемді, 9 мамырда облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі құттықтайтын хабарлаған еді. Бұған әжем де қуанып, Кеңгірбай бидің 5-ші ұрпағы болғандықтан, өзі білетін баталарын да еске алып, жаттап жүрген еді.

Бүгін облыстық әкімдікке хабарласып, әжемді құттықтауға қашан және қалай келетінін сұрасам, ондағылар әжемнің тым кәрі екенін әрі шылым шегетінін айтып, өздері баратын ардаргерлердің тізімінен шығарып тастағанын айтты.

Шынымды айтсам, не айтарымды білмей, тілім күрмелді де қалды. Шылым дегенді тіптен түсінбедім, ол әрине әжеме жабылып отырған жала деп білемін. Енді мен әжеме оған келмейтінін қалай айтарымды білмей отырмын", - деп күйінді Манат Нұрмұхамбетов.

Жазбаның желіде жарияланғаны сол еді, желі қолданушылары бірден әжейді өздері құттықтайтынын айтып, жергілікті әкімдікті сынай жөнелді.

"Шылым шексе де, шекпесе де, Отан алдындағы еңбегі үшін, құрметтеу керек қой", "Олар құттықтамаса, өзіміз барамыз, уайымдамаңыздар", "Қариядан ұят болған екен" деген пікірлерін жаудырған.

Десе де "Ардагерлер ұйымы"Республикалық қоғамдық бірлестігінің ШҚО филиалының төрағасы Айтқазы Шеруабаев кейін оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Ол бұл жағдайда түсініспеушілік орын алғанын, соғыс ардагерін міндетті түрде құттықтап баратындарын жеткізген.

"Бізде өздеріңіз білесіздер, үлкен адамдар жұмыс істейді. Олар негізінен мүлде ондай мағынада айтпаған еді, сол себепті арада түсініспеушілік туындап тұр. Әрине біз міндетті түрде құттықтайтын боламыз. Әкім барлық ардагерлерге барып үлгермесе де, біз әкімнің атынан баратын боламыз. Ал оның шылым шегетін, шекпейтінінің бұл жерде оқиғаға түк қатысы жоқ және шын мәнісінде қария темекі тартпайды", - деп мәлімдеген ол.

Аталған мәселеге қатысты облыс әкімі Даниал Ахметов те пікір білдірді. Ол оны Instagram-дағы ресми парақшасында жариялады.

"Құрметті жерлестер! Облыстың ардагерлер кеңесі қызметкерлерінің жұмысынан кемшілік кетіп отыр. 7 мамырда мен міндетті түрде жерлесіміз, тыл еңбеккері Хауа Бұланбаеваны Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Мен оның немересі Манаппен телефон арқылы сөйлестім, біз кездесуіміздің барлық егжей-тегжейлері туралы келістік.

Айта кетейін, ардагерлерімізді қорғау үшін маған ПТР-тестілеуден өту керек. Пандемия басталғаннан бері қарттарымыз вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары топқа жатады, сондықтан біз олардың өміріне қауіп төндіре алмаймыз.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі баға жетпес. Жыл сайын 9 мамыр мерекесі қарсаңында мен жерлес ардагерлерімізді үлкен құрметпен құттықтаймын. Өз тарапымнан Ардагерлер кеңесінің жұмысына болашақта мұндай қателіктер қайталанбауы үшін қажетті түзетулер енгізілетінін атап өткім келеді",-деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910987-tilim-kurmeldi-sqo-da-100-zastagy-ardager-azei-oblys-akimimen-kezdesudi-surap-aldy/