RU

Мұғалімдердің жазғы демалыс ұзақтығы өзгеріссіз қала ма: БҒМ жауап берді

Мұғалім
Көрнекі сурет: pixabay.com

Мектеп оқушылары үшін 2020-2021 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Осы орайда мұғалімдердің жазғы демалыс ұзақтығы еш өзгеріссіз қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4 мамыр күні Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде 2020-2021 оқу жылында жазғы мектепті ұйымдастыру мәселелері бойынша түсініктемелер берілді.

Сәйкесінше бұйрыққа қол қойылып, педагогтерге арналған әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына жіберілді.

"Барлық мектепте оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Сонымен бірге 19 маусымға дейін жазғы мектептер жұмыс істейді. Балалар өз қалауы бойынша, ата-аналарының өтінішімен 19 маусымға дейін сабақтарға қатыса алады. Мұғалімдердің еңбек демалысына қатысты еш өзгеріс болмайды.

Педагогтер әдеттегідей жазда 56 күн демалады. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Біз келесі жылы да пандемияның салдарын ескеруіміз керек. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тиісті жұмыс атқаруы қажет", – деп атап өтті Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, бұған дейін Аймағамбетов жазғы мектеп қалай жұмыс істейтінін айтып берген еді. Аймағамбетовтың сөзінше, жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбаған. Педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар министр жазғы мектептердің жұмысына қатысатын мұғалімдер үшін есеп беруін азайтуды тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911051-mugalimderdin-zazgy-demalys-uzaqtygy-ozgerissiz-qala-ma-bgm-zauap-berdi/