jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

"Бір жылда миллион таптым": 23 жасар бойжеткен құрақ көрпе тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр

Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Алматы облысының Сарқан ауданында тұратын 23 жастағы бойжеткен құрақ көрпе тігу арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Меруерт Сыбанованың тігіншілікпен кәсіби түрде айналысқанына да көп болған жоқ. Бір жыл ішінде жүзге тарта көрпе тігіп үлгерген ол миллионға жуық пайда тапқанын айтады. KAZ.NUR.KZ жас кәсіпкермен тілдесіп, құрақ көрпе тігудің және кәсіп бастаудың қыр-сырын сұрады.

"Қолөнерге бала кезімнен икемді болғаным рас. Кішкентайымда қуыршақтарға киім тігіп, өсе келе сурет салуға, кестелеуге, тоқуға әуестене бастадым. Арнайы білімім де бар. Сарқан ауданындағы гуманитарлық колледжде "Халықтық көркем өнер шеберлігі" мамандығында оқыдым. Студент кезімде өз қолымнан шыққан бұйымдарды көрмелерге, жәрмеңкелерге апарып сататынмын. Міне, қазіргі таңда құрақ құрауға көңілім ауды. Бұл әрі кәсіп, әрі хобби", - дейді жас тігінші.
Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Меруерт құрақ көрпе тігуді интернеттен үйренген. Алғашында жай қызығушылықтан басталса, бүгінде ол еңбегінің жемісін көріп, халық арасында сұранысқа ие дүниелер дайындап жүр.

Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

"Қазір құрақ көрпе, ши құрақ, оюлы көрпелер мен үй жабдықтарын (перде, тюль, төсек жапқыш) тігемін. Құрақ көпшілікке қиын көрінгенімен, меңгеруге оңай. Себебі, құрақтың бұл түрін өзім интернеттегі бейнежазбалар арқылы үйрендім. Бұл жерде симметриялық дәлдік, яғни, құрақ бөлшектерін дәл өлшеп қию, эстетикалық талғам, түстердің үйлесімділігін байқау талап етіледі. Осылайша, жай ғана қызығушылықтан басталған құрақ тігудің соңы тапсырыс қабылдауға жалғасты. Әртүрлі көрпе тігіп, біртіндеп тапсырыс ала бастадым. Бір жылдан аса уақыт ішінде жүзге жуық көрпе-көпшік тігіппін", - дейді шебер.

Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Меруерт Несіпбайқызының айтуынша, құрақ көрпелердің құны матасы мен қиындығына қарай есептеледі.

Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан
"Көрпенің бағасы құрақтың түріне, өлшеміне, ішіне салатын қосымша матаға қарай әртүрлі болады. Мәселен, бір көрпе 15 мыңнан басталып, 30-35 мыңға дейін баруы мүмкін. Бір көрпені тігуге екі-үш күн уақытым кетеді. Алғашында тапсырысты арзандау бағаға қабылдадым. Қазір қалыпты бағасын реттедім. Осы аралықта көрпе тігіп сату арқылы шамамен бір миллиондай пайда таптым", - дейді жас тігінші.
Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

Тігін өнері Меруерттің хоббиі әрі қосымша табыс көзі. Оның тұрақты жұмысы да жоқ емес.

Көрпе
Фото: Меруерттің жеке мұрағатынан

"Өзім аудандық АХАТ бөлімінде жұмыс істеймін. Құрақ тігуді қызығушылығым әрі қосымша қаражат деп қарастырамын. Көрпеден бөлек құдалыққа арналған қоржын, ұзатылатын қыздың үкілі тақиясы, күнделікті сәндік үшін немесе намаздағы әйел адамдардың басқа киіп жүретін тюрбандарын тігемін. Болашақта киім дизайнын меңгеріп, өзімнің жеке кәсібімді ашуды жоспарлап отырмын", - дейді ол.

"Бір жылда миллион таптым": 23 жасар бойжеткен құрақ көрпе тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.