Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елордада Toyota Camry жас баланы қағып кетті: Көлікті шенеуніктің ұлы жүргізгені рас па

Опубликовано:

Көлік
Фото: Facebook / sara.bersan.1

Нұр-Сұлтанда жол апаты орын алды - Toyota Camry жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жүгіріп өтпек болған 17 жастағы жасөспірімді қағып кеткен. Полиция жол апатының болғанын растады. Рөлде 21 жастағы жігіт болған. Куәгерлер оның оқиға орнынан қашып кеткенін, артынша "өзін кінәлі сезінбейтінін" мәлімдегенін жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жол апаты туралы ақпаратты Facebook қолданушысы Сара Берсан бөлісті - ол бұл оқиғаның куәгері болған.

Сараның айтуынша, жүргізуші сол жағалаудың орталығында жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кетіп, содан кейін "ізін жасырып қана қоймай, түк болмағандай фитнес орталығының жанына тоқтап, спортпен айналысуды жоспарлаған".

"Жақын маңда болған тағы бір бойжеткенмен бірге жол полициясына хабар бердік, жәбірленушіге жедел жәрдем шақырдық. Қымбат нөмірмен жүйткіген су жаңа 70-тің капотына ұшып түскен 2004 жылғы бала қатты қорқып қалған - менің ойымша, ол жарақат алғаннан есеңгіреген күйге түскен.

Мен кәмелетке толмаған жәбірленушіден "туыстарының қайсысына хабарласа аламын" деп сұрағанымда, ол көзіне жас алып әжесін алаңдаттырмауды өтінді. Оның сөздерінен шала-шарпы түсінгенім, бала жетім қалған және инсульттан кейін сал болып қалған әжесінің қолында тәрбиеленуде", - деп жазады оқиға куәгері.

Бойжеткеннің айтуынша, 21 жастағы жүргізуші өзін дөрекі ұстаған - "жол-көлік оқиғасы куәгерлерінің сөзін қайта-қайта бөлген ол полицияның жұмысына кедергі келтіріп, әлдебіреуге шексіз қоңырау шалумен болған".

Берсанның сөзіне сенсек, жүргізушіден жаяу жүргіншіні қағып кеткеннен кейін неге көліктен түсіп, жасөспірімге көмектеспегенін сұрағанда, ол "өзін кінәлі сезінбейтінін және "баламен бәрі жақсы екендігін әрі ол қасында тұрғанын" алға тартқан

Үйге келгеннен кейін елордалық бойжеткен жүргізушінің толық аты-жөнін интернеттен қарап, тексеруді ұйғарған - Берсанның айтуынша, ол Мемлекеттік кірістер комитетінде әкімшілік акциздер бөлімін басқаратын шенеуніктің баласы болып шыққан көрінеді.

Ресми нұсқа

Полиция департаменті жүргізушінің деректерін хабарлаған жоқ, сондықтан KAZ.NUR.KZ журналисі оның шенеуніктің отбасына қатыстылығын тексере алмады.

Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30 сәуірде сағат 15:13-те Toyota Camry маркалы көлікті басқарып келе жатқан 21 жастағы жүргізуші Түркістан көшесімен келе жатып, жолдың қиылысынан өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Баланың соққыдан жарақат алғаны және қазір емделіп жатқандығы хабарланды. Іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Чупеков баланың әжесі шынымен жүрегінде ақау барына байланысты ауруханада жатқанын әрі ол баланың жалғыз қамқоршысы екенін мәлімдеді. Ол бұл іс ПД басшысы Ержан Саденовтің бақылауында екенін қосты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911110-kolikti-seneuniktin-uly-basqargan-elordada-kuager-zas-zigittin-balany-qalai-qagyp-ketkenin-aityp-berdi/

pixel