RU

"Қашып кетуге тырысты": Алматыда 15 жастағы қыз жол апатынан көз жұмды

Жол апаты
Фото: Facebook / rustam.abrakhmanov

Алматыда көлік жүргізушісі 15 жастағы қызды қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден ізін суытуға тырысқан. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Оның мәліметінше, жол апаты 4 мамыр күні кешке Іле даңғылы жолы аймағында болған.

Әбдірахмановтың айтуынша, Audi A6 көлігінің 39 жастағы жүргізушісі мас күйде жолдың ортасында тұрған 15 жастағы қызды қағып кеткен.

"Осыдан кейін көлік жүргізушісі жаяу қашып кетуге тырысты, бірақ ол ізін суытпай қолға түсті", - дейді полиция департаменті басшысының орынбасары.

Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілді, алайда кейінірек ол есін жимастан көз жұмды.

"Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды: Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы, 3-бөлігі және 347-бабы бойынша. Күдікті ұсталып, департаменттің уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Рустам Әбдірахманов.

Еске салсақ, бұған дейін елордада жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан жасөспірімді 21 жастағы жүргізуші қағып кеткен еді. Кейін оның әкесі ресми мәлімдеме жасаған болатын.

Одан бөлек, Талдықорғанда жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан үш қызды автокөлік қағып кеткені хабарланған еді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бір қыздың миы шайқалған, мойын сүйегі сынған. Ал екі қыз амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911273-almatyda-15-zastagy-qyzdy-qagyp-oltirgen-zurgizusi-izin-suytpaq-boldy-foto/