"Қыста қар, жазда су": Нұр-Сұлтан маңындағы үй тұрғындары аялдамаға саз басқан, шиеттей тар жолмен барып жүр (видео)
Жарияланған күні:
Елордада көктем шыққалы бері жол мәселесі таусылар емес. Қаланың қақ ортасында асфальттің ойылып қалғанына наразы болған тұрғындар елорданың шеткі маңындағы үйлерге апаратын жолдың да жағдайы мәз емес екенін алға тартады. Ал Үркер мен Ильинка ықшам ауданы ортасындағы Астана тұрғын-үй кешенінің тұрғындары, тіпті, аялдамаға апаратын жолдың жоғын айтып, күйініп отыр. Олар әкімдіктен қыста қар, жазда су басып қалатын шиеттей жолға асфальт төсеулерін сұрайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Елордалықтар өздерінің наразылығын желідегі танымал парақшалардың біріне жариялаған. Онда жолдың арғы бетіндегі аялдамаға жету үшін тұрғындар балшыққа белшесіне батқан шиеттей жолға тақтай төсеп қойғанын анық көруге болады.
"Үркер және Ильинка ықшам аудандары арасында орналасқан Астана көп қабатты тұрғын-үй кешенінің тұрғындары қанша рет үйге әкелетін жолға асфальт төсеуін сұрады. Сол сияқты Исатай және Баян батыр сияқты басты көшелердің арасында орналасқан Үкілі Ыбырай көшесінің жолына да жөндеу жұмыстары керек. Бұл жол қыс бойы қардың астында жатып, енді міне көктемде саз-батпақпен, судың астында қалды.
Өкініштісі, бұл басты жолға, аялдамаға апаратын жалғыз жол. Көп болып аталған мәселенің шешімі табылса екен дейміз. 2020 жылы бұл мәселе бойынша ikomek-ке де шағымданған болатынбыз. Олар 50 метрлік жолды 2021 жылы жөндейді деп мәлімдеген еді. Енді міне мамыр айының ортасы болды, жөнделген жолды көрмедік. Көргендеріңіздей суретті де, видеоны да жолдап отырмыз. Онда бұл жолмен жүру мүмкін емес екенін көрген боларсыздар",-деп наразы болған қала тұрғындары.
Желі қолданушылары да тұрғындарды қолдап, сыни пікірлерін жаудырған. Олар:
"Нұр-Сұлтанның жолдары қашан тақтайдай тегіс болады екен", "Мынадай қаршадай балалардың бірі опат болғанда ғана қимылдай бастайды әкімдіктегілер?", "Құжат бойынша бәрін баяғыда-ақ қатырып қойған шығар" деп жазған олар.
Аталған мәселе бойынша әкімдік өкілдері түсініктеме берді.
"Исатай батыр көшесінен бастап Баян батыр көшесіне дейінгі аумақтағы Үкілі Ыбырай көшесінің құрылысы "Ильинка п. шығыс жағындағы жеке тұрғын-үйлердің инженерлік желісінің 3–ші кезегіне жатады. Аталған учаскеде асфальтбетонмен құю әдісі бойынша төселетін жолдың құрылысы 2022 жылға жоспарланып отыр. Биылғы жылы маусым айының ортасына дейін тұрғындардың басты жолға алаңсыз баруын қамтамасыз ету үшін, инертті материал себіледі деп күтіліп отыр",-деп жауап берді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мамандары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911355-qysta-qar-zazda-su-nur-sultan-manyndagy-ui-turgyndary-ayaldamaga-saz-basqan-siettei-tar-zolmen-baryp-zur-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.