"Тығылатын ойым жоқ": Елжан Біртанов шетелде дүние-мүлкі жоқ екенін мәлімдеді
Жарияланған күні:
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үйқамақ мерзімін ұзарту туралы өтініш бойынша сот отырысында шетелде дүние-мүлкі жоқ екенін, Қазақстаннан қашып кетпейтінін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сот отырысы кезінде прокурор тергеу нұсқасын оқып, Біртанов пен оның жақын туыстарының шетелде мүлкі бар екенін, сондай-ақ жақындарының басқа елдерде тұруға ықтиярхаты бар екенін айтқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл Біртановтың соттан жалтаруына себеп болуы мүмкін.
Шетелдегі дүние-мүлік
Отырыс кезінде Біртановтың ағасы сөйледі. Ол Австрияда мүлік тек өзінде ғана барын айтты. Сөзінше, ол Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері. Келісімшарт бойынша ЕҚЫЖҰ, ХАЭА, ЯСЖТСТКҰ-дағы қызметке байланысты Венада уақытша тұрып, сол жерден несиеге баспана алған.
Оның айтуынша, Елжан Біртановтың шетелде мүлкі жоқ.
"Өтініште менің жеке меншігімде мүлкім бар екені туралы ақпарат нақты көрсетілген. Мүмкін мен бірнәрсені білмейтін шығармын. Бірақ мен құжаттарды сұратуды өтінемін. Менің туыстарымның жылжымайтын мүлкі мен тұруға ықтиярхаты бар екенін растайтын құжаттар болмаған жағдайда, жоқ құжаттардың бар екенін айтқан тергеуші Хасанов пен прокурор Шалабаевтың әрекетіне құқықтық баға беруді өтінемін.
Менің ағам осында екенін, менің жанымда болу үшін Австриядағы жайлы өмірі мен жұмысын тастап келгенін айтты.
Егер тергеушінің түсінігінше, кейбір туыстарымның жылжымайтын мүлігі болуы менің қашып кетуіме себеп болса, бұл басқа координаттар жүйесі, түсінбеймін. Мен дәлелдер мен Қазақстан халқына дұрыс емес ақпарат беру әрекеттеріне баға берілуін сұраймын", - дейді Біртанов.
Сондай-ақ Біртанов тергеу хорватиялық Ericson компаниясымен бірлесе отырып іске қосылған ақпараттық платформаның жұмыс істемейтіні туралы қате ақпарат беріп отыр деген мәлімдеме жасады.
Экс-министр платформа жұмыс істеп тұрғанын, оған тек тергеудің өзі бұғаттағаны кедергі келтіретінін айта кетті.
"Мен платформаны іске қосуға болады және іске қосу керек деп есептеймін. Бұл үшін тек мемлекет үшін зиянды, заңсыз әрі мағынасыз қылмыстық істі тоқтату керек.
Барлық тоқтатылған интеграциялық жұмыстың аяқталуына бірнеше ай жеткілікті. Соңғы қосымша келісімде осы интеграцияға қай мемлекеттік органдар жауап беретіні жазылған.
Олар жұмыстың аяқталғаны туралы хаттама беруі керек. Онда мұны Ericson істеуі тиіс деп жазылмаған. Ендеше не ысырап етілген? Не ұрланған? Ақшасы төленді. Басты сұрақ кадр сыртында қалады - ақша қайда?
Менің осы жобадан бір тиын алғаным дәлелденді ме - жоқ және мұны ешкім, ешқашан дәлелдей алмайды, өйткені мен алмадым. Тағы бір мәрте мәлімдеймін, менің қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылыққа қатысым жоқ", - дейді Біртанов.
Сондай-ақ экс-министр Қазақстаннан кететін ойы жоқ екенін мәлімдеді.
"Мен тағы бір рет айтамын, мен тығылмаймын, өз отбасымнан, балаларымнан, елімнен тығылмаймын. Мен осында, Қазақстанда жұмыс істеп, осында болғым келеді. Мүмкін тергеу мұны қаламайтын шығар. Бірақ мен осында болып, өзімнің қандай да бір жемқорлық істерге қатысым жоқ екенін дәлелдейтін боламын", - деді Елжан Біртанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911391-tygylatyn-oiym-zoq-elzan-birtanov-setelde-mulki-zoq-ekenin-malimdedi/