RU

Маңғыстау облысында мектеп бітіргеніне он жыл болған түлектер көпбалалы отбасыға үй алып берді (фото)

Фото
Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының мектеп түлектері көпбалалы отбасыға үй алып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейнеу ауданының мектеп бітіргеніне 10 жыл толған түлектер қасиетті Рамазан айында игі іске себепкер болды. Бұл бастама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бастау алған "30 игі іс" жобасы негізінде өтіп отыр.

Олар қайырымдылық қорын жинап, аудандағы көп балалы отбасыға үй кілтін табыс етті.

Шараға Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Рақымжан Шалбаев, "Nur Otan" партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жолышов Тұралы Ботақараұлы және Ыбырайым Ахун атындағы орталық мешіттің наиб имамы Махсетов Камалбай Юсупбайұлы қатысты.

Айта кетейік, аудан түлектерінің бұндай қайырымды шарасы дәстүрге айналған. Бұған дейін 2009 және 2010 жылғы түлектердің демеушілігімен көп балалы отбасылар баспана иесі атанған болатын.

Күтпеген жерден үйлі болған аудан тұрғыны Аманқосовтар отбасының қуанышында шек жоқ.

“Бұл жаңалықты естігенде қатты қуандық. Осыған дейін 6 баламен 10 жылға жуық пәтер жалдап жүрдік. Осындай көмек жасап жатқан жастарға алғысым шексіз.” - дейді Алуадин Аманқосов.

Жастардан игі шараны 2012 жылғы түлектер қабыл алып, жалғастыратындарын жеткізді.

Фото
Фото: Бейнеу ауданының әкімдігі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911555-mangystau-oblysynda-mektep-tulekteri-kopbalaly-otbasyga-ui-alyp-berdi-foto/