RU

"Күйеу баланың қатысы бар": Грузияда қайтыс болған қазақ қызының анасы мәлімдеме жасады

әйел
Көрнекі фото: sputnik.kz

Грузияда қайтыс болған қазақ қызының анасы тергеудің әділ болуын талап етіп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Айсұлу Айтпаева жиенінің күйеуін де айыптады. Ер адам Әселді Грузияға алып барған. Оның әрекетінен басқа да қыздар зардап шегуі мүмкін.

Бұған дейін терезеден секіріп кеткен Әсел Айтпаеваның өлімі бойынша Грузия азаматының ұсталғаны белгілі болды. Оны зорлау және адамды өзіне қол салуға дейін жеткізу әрекеті үшін жазаға тартпақ.

Ал Әселдің анасы күйеу баласы да жазалануы керек дейді. Себебі оның кесірінен қызы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған көрінеді. 

"Оны күйеу бала алып кеткен. Сол күні Қазақстаннан әртүрлі рейспен бес қызды жіберіпті. Ал Әсел қайтыс болған күні ол Нұр-Сұлтанға ұшып келді", –дейді Айсұлу Айтпаева.

Оның айтуынша, Грузияда күйеу баласы тегін ауыстырып жүрген. Бірақ не себепті олай істегені әзірше белгісіз.

"Мен Әселдің өліміне дейін түнгі сағат он бір жарымда онымен сөйлескенмін. Сол кезде соңғы рет тілдестік. "Мама, бәрі жақсы" деді. Бірақ мен оның бір нәрсеге алаңдап тұрғанын сездім. "Көмек, әлде ақша керек пе?" деп сұрадым. Оның жанында біреу болған сияқты", – деп атап көрсетті анасы.

Әселді Грузияға көлік алып-сататын бір фирмаға шақырған екен. Бірақ күйеу баласы оны алдап кетіпті.

"Менде аудиожазбалар бар. Ол жерде бір ер адам қызымның үстіне қайнаған су құямын деп қорқытады. Сосын "секір, секір" дейді. Қазір Грузияда біреуді ұстады деген ақпарат шықты. Бірақ мен күйеу баламның жазаланғанын қалаймын. Сонда ол түк болмағандай жүре ме? Ол да, оның туыстары да кешірім сұраған жоқ", – деді Айсұлу Айтпаева.

Айта кетейік, бұған дейін 5 мамырда Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында 26 жастағы Әсел Айтпаеваның жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын жазған едік.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, Әсел Грузияға бір ай бұрын ақша табуға кеткен. Ал бірнеше күн бұрын жақындарымен байланысқа шықпай қойыпты.

Келесі күні қазақ қызының өліміне қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр. Оның кінәсі дәлелденсе, 8-10 жылға дейін сотталады.

Қайтыс болған қыз өлерінің алдында құрбысына жантүршігерлік аудиожазба жіберген. Бұл туралы оның бөлесі "Экспресс К" басылымына берген сұхбатында айтты.

Аудиожазбада қыз туысқанының бизнес әріптесімен сөйлескен. Одан терезеден секіріп кеткенге дейін қызды зорлап, сатып жібергенін анық түсінуге болады. Оның ар-намысына тиетін біраз сөз айтылады. Тіпті, "мүгедек қылып тастаймын" және "өлтіремін" деп қорқытқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911609-kuieu-balanyn-qatysy-bar-gruziyada-qaitys-bolgan-qazaq-qyzynyn-anasy-malimdeme-zasady/