Ардагерлер кеңесінен "шылым шеккені" үшін шығарылған 100 жастағы әжейдің үйіне ШҚО әкімі барды
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ертеректе Ардагерлер кеңесі "шылым шегеді" деген айыппен тізімнен шығарған 100 жастағы тыл жұмысшысы Хауа Буланбаеваға қонаққа барды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірдің ардагерлері мен тыл жұмысшыларын құттықтады. Олардың арасында ертеректе жергілікті ардагерлер кеңесі "шылым шегеді" деген айыппен тізімнен шығарған 100 жастағы Хауа Буланбаева болды.
Бұл жөнінде аймақ басшысы өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Барлық шығысқазақстандықтар атынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Сондай-ақ, тұрмыстық техника, дәрумендер, шайға тәттілер салынған себет, дәстүрлі әскер сөмкесі тарту етілді", - деді Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Хауа Буланбаеваға тоңазытқыш сыйлады.
"Ғасыр әжеміз, тыл еңбеккері - Хауа Буланбаеваның ғұмыры да білім саласымен тығыз байланысты. Апамыз сүйікті кәсібімен соғыс жылдарының өзінде де бір сәтке ажыраған емес. Мектепте сабақ беріп, эвакуацияланған балаларды қабылдап, қажеттіліктерін қамтамасыз етті", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагері Хауа Бұланбаеваның облыс әкімімен кездесуіне қатысты шу шықты. Белгілі болғандай, бастапқыда "қариямен кездесемін" деп сендірген басшылық кейіннен "шылым шегетіні" үшін әжейге келуден бас тартқан. Облыс әкімдігінің бұл "әрекетін" түсінбеген ардагердің немересі Манат Нұрмұхамбетов жай-күйді желіге жүктеп, мәселе аз уақытта көптің қызу талқысына түскен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911677-ardagerler-kenesinen-sylym-sekkeni-usin-sygarylgan-100-zastagy-azeidin-uiine-sqo-akimi-bardy/