RU

Отандық дәрігер не себепті әйелдердің көбі оразадан соң жүкті болатынын айтты

Фото
Фото: Instagram/zhanna_toremuratova

Елімізде қасиетті Рамазан айының аяқталуы жақындап, санаулы күндерден кейін Ораза айт мерекесі басталады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі отандық акушер-гинеколог, дәрігер Жанна Төремұратованы әңгімеге тартып, отбасыдағы жыныстық тәрбие, жастар арасында ажырасу оқиғаларының көбеюі, көп жыл бойы бала көтере алмай жүрген әйелдердің не себепті қасиетті Рамазан айынан кейін жүкті болатыны жайлы сұқбаттасқан еді. Білікті маман көзге шөп салатын ерлі-зайыптылар жайлы да сөз қозғады.

Жанна Төремұратованың айтуынша, қазақ отбасыларында ата-ананың «ұят» тақырыбында баласымен сөйлеспеуі салдарынан, жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен таралатын инфекциялық аурулардың көбеюі белең алып отыр.

"Жасөспірімдер жыныстық қатынасты ерте бастайды, соның бәрі жыныстық сауатсыздықтан. Ер балалар мысалы жезөкшелермен ерте жыныстық қатынасқа түседі немесе зоофилия деген болады, яғни мал бағып жүріп, малмен жыныстық қатынасқа түсетін жасөспірімдер де, өкінішке қарай, болады. Бұл дегеніміз бала жыныстық жетілген кезде, яғни гармондары ойнаған кезде, өзін-өзі игере алмай қалады деген сөз.

Сол себепті ата-аналар бұл тақырыпта балаларымен сөйлесуді ұят санамай, оларға ақ некелі болғаннан кейін ғана жыныстық қатынасқа түсу керектегін айту керек. Яғни некеге тек қана қыз бала ғана емес, ұл баланың да таза барғаны маңызды. Себебі соның салдарынан ер адамның өзі де, әйелі де бедеулікке душар болуы мүмкін.

Сол сияқты жыныстық қатынасты ерте бастаған адамдарда белсіздік ерте басталады. Қазір статистика бойынша әрбір 3-4-ші отбасында бедеулік проблемасы бар", - дейді дәрігер.

Өз білімін Мәскеу, Украина, Дубай, Кипр сынды мемлекеттерден жетілдірген білікті маман ерлі-зайыптылардың көзге шөп салу мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, бүгінде сондай опасыз әрекетке ерлер ғана емес, әйел адамдар да жиі баратын болған.

"Көзге шөп салу, орысша айтқанда «измена» - бұл ешқашан біржақты болатын проблема емес, бұл екі жақтың проблемасы. Әйел адамдар көбінесе бала тапқаннан кейін, жұбайларына суып кетіп жатады. Сосын ер адамдар әйелдерінен таппаған жылуды сырттан іздейді. Көзге шөп салу мәселесі осыдан туындайды.

Көзге шөп салуды кешіру, кешірмеу – әр адамның өз шешімі, бірақ бір-бірін кешіріп, отбасының іргесін құлатпай, қол ұстасып кеткен жұптар да болады. Тіпті әйелдердің сатқындығын кешіретін ерлер де болады. Әрине біреуге кешір, кешірме деуден аулақпыз, әркімнің өзінің санасы, ар-ожданы болады, яғни әркім өзі шешеді. Сондықтан проблеманы екі жақ та айту керек, ерлі-зайыптылардың арасында диалог болу керек", - дейді білікті маман.

Сонымен бірге, ол елімізде не себепті ажырасып жатқан отбасылардың көбейгенін атап өтті.

"Оның бірінші себебі екі жақтың туыстарының жастардың арасына түсуі. Ерлі-зайыптының арасында есі кеткен түседі. Мысалы жаңа түскен келіннің білмейтін тұстарын бетіне баспай, керісінше барынша оны мақтап, қолдап отыру керек. Қайын сіңлі, қайын апа, ата-ене деген бір-бірінің арасына түспесе деймін. Бұл біріншіден, екіншіден отбасылық өмірге көп жас жұптар дайын болмай жатады.

Ерлерде қазір жауапкершілік аз, сен кетсең басқа біреуге үйлене саламын дейді. Біз балаларға математика, химияны үйретеміз, бірақ отбасылық өмірге дайындамаймыз. Бізде жұбайлық өмірге дайындық деген курстар бар. Бірақ сұраныс өте аз. Себебі адамдар бұл тақырыпқа атүсті қарайды", - дейді Жанна Төремұратова.

Сұхбат соңында білікті маман Рамазан айынан кейін жүкті болатын әйел адамдарға тоқталып өтті. Айтуынша, Оразадан кейін жүкті болудың жағымды тұстары бар екен.

"Бұл, біріншіден, адамның сеніміне байланысты. Екіншіден, медициналық тұрғыда адам 30 күн ораза ұстағаннан кейін, ағзасы шлактардан тазарады. Гармондар реттеледі. Сол арқылы да адам жүкті болуына ықпал етеді. Бірақ жүктілік кезінде Ораза ұстамауға дінде рұқсат етілген. Медициналық тұрғыда қандағы гемоглабин түсіп, ана мен бала денсаулығына зиян келуі мүмкін. Ал Оразадан кейін құба-құп, дәрігер ретінде еш шектеу қоймаймыз",-деп сөзін түйіндеді акушер-гинеколог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912040-otandyq-dariger-ne-sebepti-aielderdin-kobi-orazadan-son-zukti-bolatynyn-aitty/