RU

Жүрегі оң жақ кеудесінде орналасқан 4 жасар ақтаулық қыз жұртты таңырқатты

Ағлес
Кадр: "Еуразия" бірінші арнасы

Ақтаулық 4 жасар Ағлестің жүрегі оң жақ кеудесінде, ал бүйрегі сол жақ бүйірінде орналасқан. Десе де, ішкі ағзасы керісінше жаратылған бүлдіршін өзін өте жақсы сезінеді деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Ағлестің мінезі ашық, пысық, қимылы шапшаң, әрі кез келген адаммен ашық-жарқын сөйлеседі. Кішкентай қыз жұдырықтай жүрегінің оң жақ тұсында орналасқанын да жақсы біледі екен. Себебі, анасы үнемі айтып отыратын көрінеді.  

Ағлес - өте сезімтал қыз. Ойы жүйрік, айтқан нәрсеңді тез жаттап, лезде қағып алады. Өлең оқуда елгезектігі де бірден байқалады. Ал есептерді шығаруға келгенде қамшы салдырмайды екен. Ата-анасы, қызының ерекше қасиетін бөбекжайға барғанда-ақ байқапты. Ал жүрегі оң жақ кеудесінде орналасқанын перзетханада білген.

Әуелі естігінде таң қалыпты. Қобалжу, қорқу, толқу болған. Тіпті, жақындарының күмәнмен қарағанын да жасырмады.

"Басында жақсы қабылдаған жоқ. Кішкене балаға мүсіркеп қарап, аяп деген сияқты. Кейін барлығы жақсы екенін білгеннен кейін олар да үйреніп кетті. Ал оған дейін, әрине, болды. Қорқып, қаратамыз деп. Астана қаласына дейін барып, тексеруден өтіп келгенбіз. Өйткені бір жасқа дейін көп ауырды. Қазір бәрі ұмытылды", - дейді қыздың анасы Ұлжан Ақжарова.

Десе де ата-анасы әр 3 ай сайын қызының жүрегі мен бүйрегін медициналық тексеруден өткізіп тұратын көрінеді. Дәрігерлер де уайымдауға еш негіз жоқ деп отыр. Жүректің оң жақта орналасуы бұл туабітті жаратылыс. Сирек кездесетін құбылыс. Сол себепті қауіптенудің қажеті жоқ дейді олар.

"Кейде ағзаның ысырылуы болады. Ол туылғаннан кейін керісінше өседі. Және ол қауіп төндіруі мүмкін. Ал қазіргі уақытта бұл балада ондай қауіптілік жоқ. Яғни, ешқандай ағза ысырылып жатқан жоқ. Ол өзі солай бітіскен", - дейді жекеменшік емхананың бас дәрігері Серік Қасым.

Жас ананың айтуынша, мұндай ерекше жағдай тұқымында алғаш рет кездесіп отыр. Жүрегі мейлі оң жағында немесе сол жағында орналассын, ең бастысы қызым аман-сау, бақытты болсын дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912254-zuregi-on-zaq-keudesinde-ornalasqan-4-zasar-aqtaulyq-qyz-zurtty-tanyrqatty-video/