RU

Науқасқа велосипедпен келетін ауылдық жедел жәрдем фельдшері елді таңырқатты (видео)

Фельдшер
Видеодан кадр: Facebook/Талдыкорганец парақшасы

Алматы облысы Қызылағаш ауылының фельдшері шақырту түссе, науқастың үйіне велосипедпен барады. Ауыл тұрғындары амбулаторияда жедел жәрдем көлігі болса да, ол тек түнде ғана жүретінін алға тартады. Талдықорғандық блогер ауылдық фельдшердің велосипед теуіп келгенін көріп, қатты таңғалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Блогер Қайрат Абдрахман досының қан қысымын өлшетуге жедел жәрдем шақыртқан. Оның сөзінше, бұл бір жағы 3500 тұрғыны бар ауылдың медицина қызметін сынау болған.

"Жедел жәрдем көлікпен емес, жаяу келіпті. Түсіріп үлгермедім. Мен фельдшерді бұлай келеді деп ойлаған жоқпын", - дейді Қайрат Абдрахман.

Ауыл тұрғындары ауылдық амбулаторияға берілген жедел жәрдем көлігінің тек түнде жүретінін айтты.

Кайрат Абдрахман
Фото: Facebook/Талдыкорганец парақшасы

Біраз уақыт өткен соң, шақырту түскен жерге фельдшер жігіт келді. Өзімен бірге керекті барлық дәрі-дәрмек пен жабдықтарын алып жүргенін көрген блогер фельдшердің жеке басына еш мін таққан жоқ.

"Жедел жәрдем көлігі тек түнде жүреді. Күндіз осы велосипедпен ауылдың ана басы мен мына басын аралаймын. Кейбір дәрілерді өзіміз ауылдың дәріханасынан сатып аламыз. Қазір менде барлық қажетті дәрі-дәрмек бар. Ауылда жоқ болса, қаладан тапсырыс береміз", - дейді фельдшер жігіт.

Қайрат Абдрахман осы видеодан кейін фельдшер жігітке тиіспеуді өтінді.

"Ол өзінің міндетін орындады, таза, ұқыпты киінген жігіт. Барлық қажет дүниесі өзімен бірге. Мейлі мотоциклмен, велосипедпен келсін", - деді ол.

Талдықорғандық қоғам белсендісі жергілікті биліктен жедел жәрдем көлігінің неліктен тек түнде жүретінін сұрады.

"Неліктен жедел жәрдем түнде ғана жүреді? Кішкентай көлік көп отын жаға ма? Жанармай ұрлап жатырсыңдар ма?" "Неге фельдшерлер өз қалтасынан дәрі-дәрмек пен түрлі препараттар сатып алып жүр?" - деп жазды блогер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912893-nauqasqa-velosipedpen-keletin-auyldyq-zedel-zardem-feldseri-eldi-tanyrqatty-video/