Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйеуім қайтқанда ағасы "шаһид болды" деп сүйіншіледі": Жат ағымда болған келіншектің оқиғасы

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын Айман (аты-жөні өзгертілді) 2019 жылы "Жусан" операциясы арқылы Қазақстанға оралған. "Күйеуімнің айтқанынан шыға алмадым" деген келіншек басынан өткен қиын кезең туралы сөз қозғады. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлайды.

Айман Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ал күйеуі Ақтөбенікі.

Ол 2008 жылы намазға жығылғаннан кейін ортақ таныстары арқылы күйеуімен екі рет кездесіп, некесін қиғандарын жасырған жоқ.

Ерлі зайыптылар үйленгеннен кейін Алматыға көшіп келіп, Өжет шағын ауданында пәтер жалдап тұрған.

Айманның айтуынша, күйеуі сол уақытта көлікке қажетті ұсқа-түйек заттарды сатумен айналысыпты.

"Мен тұрмысқа шыққалы жұмыс істеген емеспін, бала тәрбиесімен үйде отыратынмын. 2012 жылға дейін біз ел қатарлы өмір сүрдік. Екі ұлымыз бар, жер алып, үй салу жоспары да болған еді.

Алайда күйеуімнің Оралдағы ағасы біздің өміріміздің күл-талқанын шығарды. 2012 жылдың көктемінде күйеуім аяқ астынан Түркияға көшетінімізді, ағасының таныстары сол жақтан пәтер, жұмыс тауып беретінін айтты. Алғашқыда менде еш жаман ой болмады. Бірақ жолдасымның Түркияға көшетініміз туралы "сенің де, менің де ата-анам білмеуі тиіс" деген сөзі көңіліме күдік ұялатты.

Қоныс аударатынымыз туралы айтпадым. Оның үстіне қайын ағам да отбасымен бірге біздің жанымызға келетінін айтты. Осылайша, 2012 жылы Ақтау арқылы Түркияға ұшып кеттік. Ол жақта үш ай өмір сүргеннен кейін, сол жылдың күзі мүджаһед боламыз (Алланың әскері) деп Сирия аумағына кірдік.

Алғашында Дамаск деген шаһарда тұрдық. Барғаннан кейін абысыным екеуміз бір үйде тұрдық, ал күйеуімізді бірден әскери дайындыққа үйретуге (Муаскарға) алып кетті. Олар үйге анда-мұнда ғана келіп тұратын. Әйелдер ол жақта ешқайда шықпай, тек үй шаруасымен айналысатынбыз. Мен сонда барғанда аяғым ауыр екенін білдім. 2013 жылы қызымыз дүниеге келді. Бірақ үш айдан кейін күйеуім мен екі ұлым үйімізге түскен бомбадан қайтыс болды", - деп өткенін еске түсірді жат ағымда болған келіншек.

Айман күйеуі мен ұлдары қайтыс болғанда оның бауыры "Олар шаһид болды!" деп қуанып, өзге бауырларынан сүйінші сұрағанын жасырмады.

Келіншектің сөзінше, олар үшін дін жолындағы соғыста өлу үлкен ерлік болып саналған.

"Бауыры, оның шиттей балаларының өлімі үшін көзінен титтей де жас шықпады, жыламады. "Мақсатымыз – дін жолында өлу" деп ары қарай ештеңе болмағандай өмірін жалғастыра берді. Тура жарты жылдан кейін қайын ағамның да шаһид болғаны туралы хабар келді. Абысыным екеуміз 5 баламен жесір қалдық.

Қазақстан билігі бізді алып кеткенше, елге қайтудың сан түрлі амалын іздедік, нағыз тозақты бастан өткердік. Оның бәрін біртіндеп айту, еске түсіру мен үшін өте ауыр (жылап).

Кеткеніме өкінемін, бірақ бізден гөрі ата-анамызға, бауырларымызға қиын болды. Аллаға тәуекел етіп, шыдадық. Шыдай алмаған қыздар бірнеше рет тұрмысқа да шықты.

Қазір хиджабымды шешпедім, бірақ өзім тігін өнерін үйреніп, қосымша жұмыс істеп жатырмын.

Қайын жұртыммен араласпаймыз, ол кісілер тым құрыса бір немересін қалдырып кетпегеніміз үшін өкпелі шығар. Адасудың бәрі білімсіздіктен екенін кеш түсініп жатырмын.

"Жаңылмайтан жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ" демей ме?! Енді ешкімді Алла адастырмаса деп тілеймін. Ол жақта ешқандай жұмақ өмір жоқ. Өлім, аштық, соғыс, азап қана күтіп тұр", - деді Айман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913122-kuieuim-qaitqanda-agasy-sahid-boldy-dep-suiinsiledi-zat-agymda-bolgan-kelinsektin-oqigasy/

pixel