RU

"56 минут күткен": Түркістанда қала қонағы шайды тосып отырып ұйықтап қалған (фото)

Түркістан
Фото: Facebook/Ай Сар

Түркістанға қыдырып барған ел азаматтары желіде қаладағы қызмет көрсету сапасын сынап тастады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Facebook желісінде қасиетті жерге қыдырып келіп, тамақтанатын дұрыс жер таппағанын жеткізген Ай Сар есімді желі қолданушысының жазбасы қызу талқыланды. Ол Түркістандағы кафелердің бірінде шайды 56 минут күтіп, ұйықтап қалған әйелдің фотосын жариялады.

"Түркістан қанша өзгерді десек те, қызмет көрсету жағы төмен екен. Сырттан қасиетті жерге келіп, түскі тамақ ішетін жер іздеп жүрген мыңдаған адам сандалып жүр. Туризм дейміз-ау, қызмет көрсету саласы дамымаған. Мынау шайға тапсырыс беріп, 56 минут күтіп ұйықтап қалған тұтынушы. Айналайындар, ақша жасап жатыр екенсіңдер, қызметті де реттесеңіздер", - дейді ол.

Отандық турист Түркістанға баратын кісілерге ескерту айтты.

Түркістанға баратын кісілерге ескерту: балаңыз бес жаста болса да қоларба ала барыңыз әйтпесе өзіңіз шаршайсыз. Су және гамбургер, бургер сияқты жейтін жеңіл тамақ ала барыңыз, ол жакта бар уақытыңыз тамақты күтумен кетіп қалады, әсіресе топ болып барған оқушылар су да ала алмай жүр, себебі бәрі өте қымбат", - дейді турист.

Туристің сөзіне пікір білдірушілер Түркістанның түрленіп, әдемі қалаға айналғанын айтқан. Алайда олар қалада сусын мен тамақ бағасының қалта көтермейтінін алға тартты.

"Түркістанды өте керемет етіп істепті, тамаша! Бірақ тамақ-су өте қымбат. Неге бағаны қадағаламайды? Тамашалауға барған қарапайым халықтын қалтасына тамақтары тура келмейді. 1 литр кола 1000 теңге, маскара ғой", " Менің сіңілім отбасымен барып қайтты. Самсасы - 700 теңге, қонақ үйі — 35000 теңге. Тек шетелдің байларына арналып жасап жатыр ау", " Түркістанға баратын болсаңдар үйден тамақ пісіріп, қамданып шыққан жөн, термосқа шай демдеп алыңдар, әйтпесе өте қымбат" - дейді олар.

Желі қолданушыларының арасында Түркістанның әлі-ақ мықты туризм орталығына айналатынына сенетін адамдар да табылды.

"Неге сонша сын айтып кеттіңдер, бәрі де жайлап болады ғой, киелі, қасиетті жерге сын айтып, балағаттамағыздаршы өтініш ,бәрі де болады, Мәскеу бір сәтте тұрғызылған жоқ дегендей, біз де үлкен деңгейге жетеміз, асықпаңдар", - дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913388-56-minut-kutken-turkistanda-qala-qonagy-saidy-tosyp-otyryp-uiyqtap-qalgan-foto/