Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірінші күйеуі ұрып-соққан әйел қайта тұрмыс құрып, қалай табысқа жеткенін айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Instagram/style_evolution_

Алматылық Динара Досымбекова - 43 жастағы көпбалалы ана. Алғашқы некесінде күйеуінің ұрып-соғуына көнген ол кейін одан қашып кетіп, жаңа өмір бастаған. Бастапқыда көп қиындыққа тап болған әйел базарда сүт пен қаймақ сатып, таңғы 8-ден кешкі 12-ге дейін жұмыс істеген күндерім болды дейді. Қайсар ана ештеңеге мойымай, бүгінде табысқа жетіп, бес баланың анасы атанған. KAZ.NUR.KZ тілшісі Динара Досымбековамен сұқбат құрып, табысқа жетуінің құпиясын ашты.

Динараның айтуынша, ол бұрынғы күйеуімен некеде 5 жыл тұрған.

Ұрып-соғып, қызы екеуіне күн көрсетпегенін еске алған келіншек бүгінде сол қиындықтарды артқа тастап, бақытты, табысты ана атанып отыр.

"Бірінші күйеуіммен некеде мен бес жыл тұрдым. Мен сол кезде өзімді жоғалтып алдым десем болады, себебі күйеуім ұрып-соғып, күн көрсетпейтін. Түрлі жарақатпен ауруханаға түсетінмін. Осылай бір күні не мені, не 4 жастағы қызымды өлтіреді деп қауіптеніп, одан қашып кетуді ұйғардым. Әрине бастапқыда өте қиын болды, бірақ мен еркін болғаным үшін, мені ешкім ұрып-соқпағаны үшін іштей бақытты болдым.
Мен сияқты күйеуінен таяқ жеген қыз-келіншектерге айтарым, ондай күйеуден кетуге асығыңыздар. Себебі көп жағдайда ер адамдар өзгермейді, бір рет қол жүгірткен адам ертеңгі күні тағы да сондай әрекетке баратын болады. Мұндай отбасында туған балалар да кейін психологиялық тұрғыда жарақат алып жатады. Әйел адам ең бірінші өзі мен балаларын ойлау керек", - дейді қайсар әйел.

Алғашқы некеден кейін Динара көп қиындық көргенін, баласын асырау үшін талай жерде жұмыс істегенін де айтты.

"Дүкенде таңғы сегізден түнгі он екіге дейін сатушы болып жұмыс істеген күндерім болды. Сосын қолдың сүті мен қаймағын сататын базарда да істедім. Балаларды өсіріп-тәрбиелеуден бөлек, отбасына табыс әкелеміз деп жанын жеп жүрген қаншама қыз-келіншектерді көремін.

Бәріне айтарым, өздеріңізге күніне бір сағат болсын уақыт бөліп, бағалауды үйренсеңіздер екен деймін. Өзіңізге өзіңіздің жаныңыз ашымаса, маңайыңыздағы адамдардың да сізге деген қарым-қатынасы сондай болады", - дейді ол.

Досымбекованың бақытына орай, ол өзінің тағдыр жолында қазіргі жолдасын кездестіріп, одан төрт бала сүйіп, баянды ғұмыр кешуде.

"Үш қызым мен бір ұлым бар, қазір алтыншысына аяғым ауыр. Үлкенім 24-те, кішім 1 жастан асты. Маусымда босануым керек. Мамандығым бойынша бухгалтермін, бірақ мен мамандығым бойынша ешқашан жұмыс істеп көрмедім. Кеңседе талай жұмысты істесем де, бухгалтер болып көрмеппін. Негізі өзім шығармашылыққа жақын болғандықтан, кеңседе жұмыс істеуді жаным қаламады", - дейді келіншек.

Динараның сөзінше, бүгінде ол стилист мамандығына бет бұрған және осы шешіміне еш өкінбеймін дейді.

"Мен декретте отырғанда өзімді қай қырымнан таба аламын деп көп ойландым. Жолдасым қаржыгер болғандықтан, барлық идеямды соған айтып, қаржы жағынан қалай болатынын ақылдасып отырдым. Сондай күндердің бірінде көшеде стилист курсы жайлы оқып, соны оқитын болып шештім.
Осы курстан соң білімімді тағы жетілдіріп, көп іздендім. Қазір, құдайға шүкір, осы бағытта оқытатын курстарым да, шәкірттерім де көп. Неге осы кәсіпке келдім деген сауалға келер болсам, себебі нарықта сұраныс көп. Мысалы стилистке барған адамдар 2-3 жыл бойы сауда дүкеніне барып, киім алмаулары мүмкін. Себебі біз оларға базалық киім үлгілерін ұсынып, сыртқы келбеттірінің өзгеруіне ықпал етеміз",-деп сөзін түйіндеді Динара Досымбекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913589-algasqy-kuieui-uryp-soqqan-aiel-qaita-turmys-quryp-qalai-tabysqa-zetkenin-aitty/

pixel