Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"35 метрден тартамыз": Түркістан облысында таза суға зар болған халық мұңын шақты (фото)

Опубликовано:

Фото
Оқиға орнынан фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Түркістан облысында қағаз жүзінде таза ауыз су ішіп отырған ауыл бар. Оны ауылдық округтің әкімі де растап отыр деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысының орталығына жақын орналасқан Үшқайық ауылдық округі, Теке елді мекенінің халқы таза ауыз суға жарымай отыр.

Олардың сөзінше, су ауылға келген, бірақ қағаз жүзінде ғана екен. Салдарынан қарапайым халық суды 35 метр тереңдіктен өздері тартып ішіп отыр. Алайда ол тіршілік көзінің сапасы сын көтермейді. "Ащы әрі лай" деген тұрғындар ауылда ауру көбейіп кеткенін жеткізді.

"Қап-қара су ішіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей ол адамдарға зиян. Құбырмен су жоқ. Біз осы суды өзіміз 200 мың теңгеге қаздырып ішіп жатырмыз. Таза көрініп тұр ғой, қап-қара болып ағып жатыр" деп ашынды тұрғындар.

Бұл ауылға таза ауыз су 2019 жылы берілуі керек болған екен. Тіпті ол үшін жұмыстар да жүргізілген. Ауылда су айдайтын қондырғы да орнатылған. Бірақ, бүгінде су жоқ.

"Таза ауыз су келді" деген ауылда газ да берілуі керек болған. Ол да жоқ. "Шенеуніктер газ берілді деп есеп беріп жатыр" деген тұрғындар атқамінерлер екі жылдан бері құрғақ уәдемен тойдырып келе жатыр, дейді.

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Газ бен су берілді деген құжаттардың қабылданып кеткенін ауыл әкімі де жоққа шығармады. Айтуынша, Үшқайық ауылдық округіне қарасты төрт елдімекенді көгілдір отынмен қамту үшін 948 миллион бөлінген. Ал, Теке ауылының суына 220 миллион теңге жұмсалған екен.

"Мынау "водозабор" дейді су жиналатын не соның ішіндегі насостары, сосын кольцолары дұрыс қойылмаған. Су берілген жоқ. Сонымен ол иесіз қалды. 35 пайыз бітпеген объектіні қабылдап алды. Кентау қалалық әкімдігінің тікелей былығы деп есептеймін мен",-деді Үшқайық ауылдық округінің әкімі.

Айта кетейік, бұл ауылдық округ Кентау қаласына қарасты болған. Алайда облыста жаңадан Сауран ауданы құрылып, Үшқайық сонда өткен. Бүгінде құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр екен.

Бұл түйткілден Кентау әкімі де хабардар болып шықты. Газ жұмыстары былтыр да жүргізілді деген ол қазу жұмыстары кезінде су құбырына зақым келгенін айтады. Салдарынан су тоқтап қалыпты. Бүгінде мердігер мекемеден талап етіліп отыр екен. Бірақ ауыл проблемасы нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алмады.

Фото
Фото: KAZ.NUR.KZ тілшісі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913596-35-metrden-tartamyz-turkistan-oblysynda-taza-suga-zar-bolgan-xalyk-munyn-saqty-foto/

pixel