RU

Нұр-Сұлтанда заңсыз орналасқан базардың орнына қоғамдық кеңістік салынады

Базар
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты

Елордада бос аумақтарды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала тұрғындарының жайлылығына, сондай-ақ алаңдардың сырт көрінісін жақсартуға ерекше назар аударылады деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада заңсыз сауда орындарымен күрес жүріп жатыр. Елордалық "Шапағат" коммуналдық базарының жанында заңсыз сауда жүргізілуде. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдарға бұл маңайға шағын гүлзар немесе саябақ салу туралы өтініш білдірді.

"Базардың жанында тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Ана ретінде үйіміздің маңында болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймын. Осыған байланысты әкімдікке жүгіндік. Әрине, жағдайдың жақсы жағына қарай өзгергенін қалаймын" , - дейді аудан тұрғыны Зарина Исказина.

Полиция аталған сауда орнының қызметі Жер және Кәсіпкерлік заңының талаптарына сай келмейтінін мәлім етті. Құқық қорғау органдарының мамандары тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ айыппұлдың жиі салынғанына қарамастан саудагерлер саудасын тоқтатар емес. Сонымен қатар, әкімдік өкілдерімен кездесуде өздерінің түйткілді проблемалары туралы айтып, сауданы өзге орынға көшіруге дайын екендіктерін білдірді.

"Ең алдымен, бұл базардың жұмысы жер және кәсіпкерлік заңына қайшы. Бұл жерде ешқандай санитарлық, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Сарыарқа ауданы әкімдігінің атына осы алаңда орналасқан үйлердің тұрғындарынан тұрақ аймағы бар аллея ашу туралы көптеген өтініш түсуде. Қазіргі уақытта урбанистика орталығымен бірлесіп алаңның жобалық эскизін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық әкімдіктің қызметкерлері саудагерлермен кездесіп, қабылдау ұйымдастырдық. Әрқайсысының мәселесін жеке қарастырып, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер бердік. Ең бастысы саудагерлерге заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, басқа сауда орындарын ұсынып отырмыз" , - деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Абдрахман Дауленбаев.

Саудагерлерге Джафар сауда үйінің жанынан және Ш.Қосшығұлұлы, 14 мекенжайынан орындар берілді. Қазіргі уақытта саудагерлердің басым бөлігі ұсынылған орындарда жұмысын жалғастыруға ниетті.

"Бізге ұсынған сауда орындары көңілімізден шықты. Бұрын күннің астында, жерде отырсақ, енді төбемізде шатыры бар, қоршалған, ыңғайлы орнымыз бар. Ең бастысы заңды түрде жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз" , - деді саудагер Сабира Қабидоллақызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913836-nur-sultanda-zansyz-ornalasqan-bazardyn-ornyna-qogamdyq-kenistik-salynady/