RU

"Әр адам туған ауылына күш салу керек": Танымал бизнесмен әріптестерін елге көмектесуге шақырды

Оралбек Ботбай
Оралбек Ботбай: жеке мұрағат

Ғаламдық пандемия Қазақстандағы бизнес өкілдеріне үлкен соққы әкелді. Мемлекеттен жеңілдіктер ұсынылғанымен, көптеген кәсіпорындар елдегі төтенше жағдай режимінде жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болды. Десе де, бұл қиындықтан амал тауып өткендер де бар. Түркістан облысынан шыққан кәсіпкер әрі филантроп Оралбек Ботбай қиын кезеңде мейілінше жұмыс орнын сақтап, қарапайым халыққа қол ұшын беруге тырысқан. Бірақ, кәсіпкердің жомарттығын пайдаланып, одан ірі көлемде ақша сұрайтын байлар да көбейген көрінеді. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген бизнесмен ел басындағы қиын кезеңдерде өз әріптестерін халыққа көмек көрсетуге шақырды.

«Әлемді жайлаған індеттен елмен бірге өтіп келеміз. Бүкіл әлемнің басындағы жағдай болған соң, шағым айта алмаймыз. Барлық мемлекет өз бизнесін қолдауға тырысуда. Біздің елде де кәсіпкерлерге азды-көпті көмектер көрсетіліп, жеңілдіктер ұсынылып жатыр. Пандемия кезінде қарапайым халықтың жұмыссыз қалғанын көзім көрді. Мемлекеттен 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Мен барынша жұмыс орындарын сақтап, бір-бір үйді асырап отырған жандардың нан табуына септігімді тигіздім. Коронавиусты инфекция өршіген тұста халыққа тегін маска таратып, Ираннан дәрі-дәрмектер алдырдық. Ауруы асқынған жандарға тегін дәрі-дәрмек жеткіздік. Кейін бұл оқиғаларды бәрі көрген түстей болып, артта қалатынына сенімдімін», - дейді ол.

Оралбек Ботбай ел арасында жомарттығымен танылған кәсіпкер. Ол өз ауылындағы қариялар мен оқушылардың қыдырып, саяхаттауына атсалысып жүр. Десе де, қолы ашық бизнесменнен ақша сұрайтындар соңғы кезде көбейіп кеткен.

«Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, қариялар мен оқушы, студенттерге көмегімді аяған емеспін. Өз ауылыма да жиі қарайласып тұрамын. Бірақ еліміздің әр түкпірінен көмек сұрайтындар арасынан алаяқтар да табылып жатыр. Алғашында қаржыдан қысылып тұрғандарды тексермей-ақ, қол ұшын созатынмын. Кейін бір оқиға сабақ болды да, әлеуметтік көмек берер тұста аздап зерттеуді әдетке айналдырдым. Телефон шалып, 7 миллионға дейін ақша сұрағандар болды.

Оралбек Ботбай
Оралбек Ботбай: Жеке мұрағат

Әрине, мен асып-тасып бара жатқан миллионер емеспін. Шамам келгенше демеп жіберуге тырысамын. Бірде Жамбыл облысынан бір келіншек телефон шалып, мүлде жағдайы жоқ екенін айтты. Дәріханаға баратын ақшасы болмай, ауруы асқынып, балалары қараусыз қалғанын жеткізген соң, жүрегім ауырып кетті. Дереу сол өңірдегі таныс азаматтарға хабарласып, бірлесіп қол ұшын берейік деген ұсыныс тастағанмын.

Сөйтсем, әлгі әйел екі шаштаразы, астында Lexus маркалы көлігі, коттеджі бар адам болып шықты. Осы жағдай мені қатты таң қалдырды. Байлардың өзі осылай көмек сұрайтын болса, басқаларды айта алмаймын. Адалдық керек. Адал жолмен, адал еңбекпен тапқан дүние ғана адамды алға жетелейді», - дейді Оралбек.

Қазіргі таңда Оралбек Ботбай көптеген студенттердің жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасап, шәкіртақы мен гранттар тағайындауда. Сондай-ақ, өзінің туған ауылын көркейтуге де үлкен үлес қосып келе жатыр. Бала күнінен жоқшылық көрген азамат «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген сөзді ұмытқан емес.

«Көпбалалы отбасынан шыққан соң, бір адамдай қиындай көрдік. Әпкем екеуміз төрт жыл бойы бір пальтоны алма-кезек киетінбіз. Түске дейін пальтоны әпкем, түстен кейін мен сабаққа киіп баратын едім. Менің бизнестегі жолым сол бала күннен басталды десем, артық емес. Тау етегінде өскен қозықұйрықты қалаға әкеліп сататынбыз. Кейін сол ақшаны жинап, қалада оқитын студент аға-әпкелеріме салып жіберетінмін. Кәсіп жасауға деген икемділігім мені осы күнге дейін жолдан тайдырған жоқ. Өзімнен артылғанын жастарға, қарияларға бергенді жөн көремін. Ауылда пойызға мініп көрмеген, ауыл айналасынан әріге аспаған қаншама қария бар. Соларды Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларына қыдыртып тұрамын. Олардың батасынан артық ештеңе жоқ. Ал студенттерге берген көмегімді болашаққа салынған инвестиция деп білемін. Себебі, бізге білімді, мықты кадрлар керек. Ауыл көшелеріне жарық орнатып, жол салып бергенде арқамнан жүк түскендей болды. Себебі, әр адам өзінің туған ауылына қарыздар. Шама келсе, туған ауылдың көркеюіне атсалысу керек», - дейді бизнесмен.
Оралбек Ботбай
Оралбек Ботбай: жеке мұрағат

Оралбай Ботбай Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Бірақ ол театр мен кинодан алыстап, бизнесте өз жолын тапқанына өкінбейді.

«Түрлі кәсіпке түрен салып көрдім. Кейбірінен жақсы пайда тапсам, кейбірінен банкрот болған кездерім де болды. Әсіресе, спирт өнімдерімен айналысқан маған жақпайтынына көзім жетті. Өнер сахнасында жүрмесем де, өнердің, спорттың дамуына өз үлесімді қосып жүрмін. Әйгілі Шолпан Жандарбекованың курсынан бітіріп шыққанымды мақтан тұтамын. Бекжан Тұрыс, Ғани Құлжанов секілді елге танымал курстастарыммен байланысым үзілген емес», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Оралбек Ботбай «Қазақстан Барысы» жобасы арқылы Өскемендегі көпбалалы отбасыға баспана сыйлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913869-leksus-mingender-de-qaryzga-aqsa-suraidy-tanymal-biznesmen-ozin-tan-qaldyrgan-zaittardy-aitty/