RU

"Түркі әлемінің дана ақсақалы": Түркістанда Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынды

Біләл Чакыджы
Видеодан кадр: turksoy.org

ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы Түркістан қаласында тұңғыш перзидент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ғалым "Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары" атты онлайн жиында мәлімдеді.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, өте маңызды үндеу жасағым келіп тұр. Түркі әлемінің мәдени, рухани астанасы Түркістанда Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылуы керек. Ол кісі ежелгі қалаға жаңа леп әкеліп, түркі халықтарының бірігу идеясының жүзеге асуына бастамашы болды. Оған түрткі болар бірнеше себеп бар.

Күн сайын біз екі дүние есігі, түркі әлемінің бесігі саналған Түркістан болашағынан зор үміт күттіретін қалаға айналып жатқанының куәсі болып отырмыз. Бұл тарихи жағдайдың бастауында Түркістанның қайта түлеу идеясын көздеген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ол түркі халықтарының басын біріктіріп, ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесі, Түркі академиясы сынды ынтымақтастық ұйымдарының негізін қалады", - дейді Біләл Чакыджы онлайн-конференция барысында.

Біләл Чакыджы аталмыш идея түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрметінен туындағанын айтты.

"Бұл идея түркі әлемінің дана ақсақалына деген алғысым мен ерекше құрметімнен туды. Менің үндеуіме әр саналы адам қосылады деген сенімдемін", - деп түйіндеді доцент сөзін.

Сондай-ақ конференцияда доктор Біләл Чакыджы Ұлы жібек жолының бойында орын тепкен қасиетті Түркістан қаласы 2017 жылы ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер арасында "Түркі әлемінің мәдени астанасы" деп жарияланып, 2021 жылы 31 наурызда қалада Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті болғанын атап өтті.

Чакыджы осынау тарихи қаланың "Түркі әлемінің рухани астанасы" деп бекер аталмағанына баса назар аудартты.

Айта кетейік, "Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективасы" онлайн-конференцияны Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914231-turksoi-bas-xatsysynyn-orynbasary-elbasyna-turkistanda-eskertkis-qoyudy-usyndy/