"Тоқалымды бәйбішем тауып берді": Шымкенттік азамат елуге келгенде не үшін үйленгенін айтты
Жарияланған күні:
Екі әйелімен бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан шымкенттік Керімбек Ниязбайдың оқиғасы елді таң қалдырды. «Жебе» кинокомпаниясының директоры елуге жақындағанда екінші әйел алған. Ал тоқал алу туралы ұсынысты өзінің бірінші әйелі, яғни, бәйбішесі Дина тастаған көрінеді. Керімбек мұндай қадамға неліктен барғанын және екі әйелінің бір жанұяда қалай тұрып жатқанын айтып, Замана газетіне сұхбат берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Керімбек Ниязбайдың айтуынша, екінші әйел алу қажеттіліктен туындаған. Себебі, өзінен 9 жас кіші әйелі Дина бір қызды дүниеге әкелген соң, қайтадан бала көтере алмайды.
«Дәрігерге қанша қаралса да, екінші рет сәби сүю мүмкін болмады. 45 жасқа келгенде жұбайым Дина екінші әйел алу туралы айта бастады. Алғашында әлі күтелік деп, бой бермедім. Кейін елуге жақындағанда шын алаңдап, қызымның артынан бауырлары ерсе, барлығын тәрбиелеп өсірсек деген тоқтамға келдік. Ақылдаса келе, балалардың нағашысы бір жұрттан болсын деп, бірінші әйелім секілді шегір руының қызына құда түстік. Шыны керек, маған екінші әйел іздеуге барлық туған-туыс пен қайын жұртым да атсалысты. Екінші жұбайым Ұлбаланы өзімнің енем тауып берді. Екі әйелім де Төлеби ауданынан», - дейді Керімбек.
Керімбек Ниязбайдың айтуынша, екінші әйелді таңдауға өзінің бірінші жұбайы Дина белсене араласқан. Екеуі екінші жар болатын біршама қызбен сөйлесіп көреді.
«Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» демекші, Дина екеуміз біршама қызбен сөйлесіп көрдік. Алайда, бәйбіше екеуміздің де ешкімге көңіліміз құлай қоймады. Кейін Ұлбаламен таныстық. «Инабатты, кішіпейіл, сүйкімді қыз екен» деп іздегенімізді тапқанға қуанып, Ұлбаланы таңдадық. Сосын оны көндіру үшін тиісті әрекеттер жасадық, қайта-қайта жолығып, әңгімелесіп жүрдік. Ол бірден келісім бере алмады, ойланып көрейін деді. Үлкендермен сөйлестік, ол да ата-анасымен, бауырларымен ақылдасты. Ол жақ та текті ел ғой, қызға әйел үстіне барудың қазақ дәстүрінде бар екенін, тым ұятты нәрсе емесін түсіндірді.
Мұның бәріне, әрине, аз уақыт кеткен жоқ. Өйткені отбасын құру дегеннің өзі аса жауапкершілікті қажет ететін нәрсе ғой, оған жеңіл қарауға болмайды. Бізде көре сап ұната салу деген болған жоқ. Осындай ойланып-толғанулардың ақырында басымыз қосылды. Адаспаппыз, Ұлбала да жақсы жар болды, өмірге екі бала әкеліп, бүгінде олар да отбасымыздың шаттығы болып өсіп келеді», - дейді отағасы.
Керімбектің айтуынша, екінші жары Ұлбалаға құда түсіп, қазақтың барлық салт-жоралғыларын орындап алған. Тіпті, құдалық міндеттерін бірінші әйелі Дина бастан-аяқ өткеріпті.
«Ұлбалаға құда түсіп, тиісті рәсімдерін жасап үйлендім. Құдалыққа Динаның өзі де қатысты. Құдалар Динаның барлық шаруаға араласып, шын ниетімен қуанып жүргеніне сүйсінді, «Өзінің баласын үйлендіріп жатқандай қуанып жүр ғой», – деп шын жүрегімен сүйсіне әзілдегендер де болды. Рас қой, Дина бұған өзінің Алла алдындағы үлкен бір жауапкершілігінің үдесінен шыққандай, шын жүрегімен қуанды», - дейді ол.
Бүгінде Керімбек екінші жары Ұлбаладан тағы екі қыз сүйді. Оның үшінші сәбиге аяғы ауыр. Ал балалар бірінші әйелін «Үлкен ана», екінші әйелін «Кіші ана» деп атайды. Бәйбішесі Динаны Ұлбала «әпше» деп атап кеткен. Қазір барлығы бір шаңырақ астында, Керімбектің анасымен бірге өмір сүріп жатыр.
«Біз бәрін дұрыс істедік, ақылдастық, кеңестік. Ағайын-туыс, қайын жұрт, дос-жаран – бәрі білді, достарымыз ойымызды құптап, отбасымыздың өскеніне қуанды, тілектес болды. Солардың бәрімен де араласып тұрамыз, қызықшылықтарына шақырады, екі әйелімді де ертіп барамын. Оларды «жаным, күнім, қос қанатым» деймін. Біз теріс нәрсе жасаған жоқпыз, жүзіміз жарық, қазақы дәстүрмен, Ислам бойынша да дұрыс жолмен бас қостық. Бала-шаға, қоғам алдында да жүзіміз жарық. Екінші әйел алудың жол-жобасы осындай, ол ынтымақпен, түсіністікпен келісілген болуы тиіс», - дейді Керімбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914290-toqalymdy-baibisem-tauyp-berdi-symkenttik-azamat-eluge-kelgende-ne-usin-uilengenin-aitty/