RU

"13 жыл пәтер жалдаған": Түркістан облысында түлектер көпбалалы анаға үй алып берді (фото)

Баспаналы болған көпбалалы отбасы
Баспаналы болған көпбалалы отбасы: Түлкібас ауданы баспасөз қызметі

Түркістан облысында мектеп бітіргеніне жиырма жыл толған түлектер көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үй алып берді. Соңғы қоңырау күнінде түлектердің арқасында баспаналы болғандардың бірі көпбалалы, екіншісі бір отбасында төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жан бар жанұя, деп хабарлайды аймақтағы KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер соңғы қоңырау күнінде жерлестеріне қуаныш сыйлады. Олар баспанаға мұқтаж жанұяларға үй кілтін табыстады.

Қоныс тойын тойлағандардың алғашқысы Дүйсенбековтер әулеті. Отағасының құлағы мен көзіне байланысты мүгедектігі бар отбасы 13 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп келген. Төрт балалы жанұяға баспана кілті ауыл мектебіндегі соңғы қоңырау шарасынан соң салтанатты түрде табысталған.

Баспаналы болған көпбалалы отбасы
Баспаналы болған көпбалалы отбасы: Түлкібас ауданы баспасөз қызметі

"Біз үшін тосын сый болды" деп қуаныштан көзіне жас алған көпбалалы ана қайырымды жандарға алғысын айтты. Айта кетейік, түлкібастық түлектер бұл үйді 5 млн 600 мың теңгеге сатып алған екен. Іші тұрмысқа қажетті техникалармен толтырылған.

Осындай қуанышқа кенелгендердің тағы бірі Қарағашты ауылында тұратын Тәжібаевтар отбасы. Бұл жанұяда ағайынды төрт адамның мүмкіндігі шектеулі. Оларға көршілері мен туыстары қарасып тұрады екен. Тәжібаевтар тұрған үйдің көнелігі соншалық, тіпті, апатты жағдайда болыпты. Жерлестері оларға қол ұшын беру мақсатында асарлатып, төрт бөлмелі ескі баспананы жаңадан салып берген.

Сыйға тартылған үй
Сыйға тартылған үй: Түлкібас ауданы баспасөз қызметі

Айта кетейік, Түлкібаста Абай атындағы мектеп түлектерінің қайырымды ісі осыдан 4 жыл бұрын басталған. 2017 жылы да мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер жергілікті көпбалалы отбасыға баспана сыйлаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914340-13-zyl-pater-zaldagan-turkistan-oblysynda-tulekter-kopbalaly-anaga-ui-alyp-berdi-foto/