RU

Депутаттар жағдайы төмен отбасыларға тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды ұсынды

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Мәжіліс депутаттары жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды ұсынды деп хабарлайды "Хабар 24".

Қазақстан халық партиясы депутаттарының ұсынысы бойынша, жаңа бағдарламада жеңілдетілген пәтер үшін алғашқы жарна сұралмауы тиіс. Тіпті несиеге пайыздық мөлшерлеме де белгіленбеуі қажет.

Олардың ойынша, қазіргі мемлекеттік бағдарламалар табысы әлдеқайда жақсы азаматтарға арналып жасалған. Ал жағдайы төмен отбасылар мен ерекше бала өсіріп отырғандар үшін тиімсіз.

Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова жағдайы төмен отбасыларға өздеріне үй салу мүмкіндігін беру керектігін алға тартты. Сайлауалды бағдарламада да бұл партия әр отбасыға 20 сотық жерден бөліп беру жайын көтерген болатын. Енді халық қалаулылары сол уәделерін орындауға кіріскен сыңайлы.

"Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында әрбір отбасы үшін 20 сотық жер беру керек деп мәлімдеді. Мұны ауылдық жерлерде бірінші кезекте осал санаттар үшін – көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар үшін жасау керек. Бүгінде олар үшін жер телімін алу мүмкін емес", - дейді Айжан Сқақова.

Еске салсақ, бұған дейін Айжан Сқақова мәжілістің жалпы отырысында үкімет балаларға арналған барлық жәрдемақыларды біріктіріп, оны Қазақстандағы орташа жалақы деңгейіне көтеруі керек екенін айтқан болатын.

Депутаттың сөзінше, елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы мүлде жеткіліксіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914660-deputattar-zagdaiy-tomen-otbasylarga-turgyn-ui-bagdarlamasyn-iske-qosudy-usyndy/