Уханьда вирусологтың әйелі пандемияға дейін коронавирустан көз жұмған
Жарияланған күні:
Ухань зертханасындағы вирусологтардың бірінің әйелі коронавирустан 2019 жылдың желтоқсанында қайтыс болған. Бұл туралы COVID-19-тың шығу тарихын зерттеп жатқан АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы қызметкері Дэвид Ашердің деректерінен белгілі болды.
"Бұл вирустың адамдар арасында таралуы мүмкін екенін білдіретін алғашқы белгі болған", – дейді Дэвид Ашер.
РИА Новости жазғандай, Ашерге зертхана қызметкерінің әйелінің қайтыс болғаны туралы сол кезде Ухань вирусология институтында жұмыс істеген адам хабарлаған.
Оның айтуынша, Қытай билігі коронавирустың адамдар арасында жұқпалы екені туралы ақпаратты "бір ай бойы жасырған". Бұл эпидемияның өршуіне ықпал етті, дейді шенеунік.
Айта кетейік, бұған дейін The Wall Street Journal басылымы пандемияға дейін Ухань қаласындағы вирусология институтының үш зерттеушісінің ауыр сырқаты туралы жазған болатын. Олардың үшеуі де қытайлықтар. Ғалымдар 2019 жылдың қараша айында ауруханаға жатқызылған.
Сонымен қатар, олардың ауру белгілері де ұқсас болған, оған қоса өздері "коронавируспен айналысатын бір команда мүшелері" болды, деп жазды басылым.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы наурыз айында коронавирустың шығу тегін анықтау үшін Ухань қаласына сапары туралы сарапшылар тобының толық есебін жариялады.
Сарапшылар" SARS-CoV-2 вирусының зертханадан тарау ықтималдығы өте аз" деген тоқтамға келіп, коронавирус адамдарға жарқанаттардан басқа жануар арқылы жұққан деген болжам жасаған еді.
Дегенмен АҚШ пен тағы 13 мемлекеттің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындыларына көңілі толмай, COVID-19-дың шығу тегі туралы "тәуелсіз тергеу" жүргізу қажеттігін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915178-uxanda-virusologtyn-aieli-pandemiyaga-deiin-koronavirustan-qaitys-bolgan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.