Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шарын шатқалындағы сел: Мектеп әкімшілігі жазаға тартылуы мүмкін

Опубликовано:

Шарын
Видеодан кадр: ТЖМ

Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына оқушылары мен қызметкерлері саяхатқа шыққан №199-шы мектептің әкімшілігі жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Білім беру басқармасы оқиғаға қатысы тексеруді бастаған. Оқушылардың шатқалға қандай себеппен барғаны анықталатын болады.

"Мектепке қазір мониторинг жүргізіп жатыр. Осы мониторингтің шыққан шешіміміне сәйкес №199 мектептің әкімшілігіне, мүмкін, қандай да бір жауапты қызметкерлерге әкімшілік жаза қолданылатын болады. Ол жерде қандай құжаттың негізінде балалар кетті, неге кетті, қандай тапсырма болды, соны көреміз", - дейді Алматы Білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Тауқызы.

Еске сала кетейік, Шарын шатқалында сенбі күні қайғылы жағдай болған еді. Ауа райының күрт құбылуынан сел жүріп, салдарынан екі адам қаза тапқан болатын. Көз жұмғандар - №199-шы мектептің мұғалімі мен оқушысы. Селден зардап шеккен тағы жеті адам ауруханаға жатқызылған. Төтенше жағдайдан соң бір күннен кейін табылған 11 жастағы оқушы қыздың жағдайын дәрігерлер тұрақты деп отыр.

"Баланың жағдайы бірқалыпты, емін жалғастырып жатыр. Келгендегі диагнозы - жабық ми жарақаты. Мидың шайқалуы. Жеті-он күн аралығында ем қабылдайды", - дейді Алматы қаласы Балаларға шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова.

Шарын шатқалында лай-сел көшкіні жүретіндігі туралы неліктен алдын ала ескерту жасалмады деген сұраққа Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы жауап берді. Айтуынша, ол ауданда "Қазселденқорғау" мекемесінің бөлімшесі жоқ. Сондай-ақ, Алматы қаласы және Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменттеріне қандай да бір сел жүретіндігі туралы дауылды ескерту жасалмаған.

Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915344-saryn-satqalyndagy-sel-mektep-akimsiligi-zazaga-tartyluy-mumkin/

pixel