Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шарындағы сел: Тоқаев оқушыларды құтқарамын деп мерт болған ұстазды марапаттады

Опубликовано:

Фото
Фото: Мерей Ибрагимовтің желідегі парақшасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді марапаттады деп хабарлайды Ақорда.

"Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы "№ 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов "Ерлігі үшін" медалімен наградталсын (марқұм)", - делінген құжат мәтінінде.

Алматы қалалық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, сел кезінде көз жұмған мұғалім- 26 жастағы Мерей Ибрагимов. Ол көркем пәндерден сабақ берген. Жұмыс өтілі – 5 жыл.

Оның 3 жылында Алматы қаласындағы №199 гимназияда жұмыс істеген.

Әріптестерінің айтуынша, Мерей өте жауапты маман болған.

"Барлық оқушының сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері еді. Ерекше шығармашылық адамы, көшбасшы, мақсаты айқын ұстаз болатын. Жан-жағындағыларға күлкі сыйлап жүретін", - дейді марқұмның әріптестері.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын.

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті.

"Өкінішке қарай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы жағдай салдарынан 1 оқушы мен бейіндік пән мұғалімі қайтыс болды. Қаза болғандардың жанұясына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деген еді ведомство хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915454-saryndagy-sel-toqaev-oqusylardy-qutqaramyn-dep-mert-bolgan-ustazdy-marapattady/

pixel