Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқашан мойыған емеспін": 39 жастағы зағип кәсіпкер ауыл балаларына футбол алаңын салып беріп жүр

Опубликовано:

Фото
Фото: Айтбек Аулбаев мұрағатынан

39 жастағы Айтбек Аулбаев орда бұзар отызында жол апатына түсіп, көз жанарынан айырылған. Дегенмен ер адам тағдыр тәлкегіне мойымай, бүгінде кәсіпкерлік пен қайырымдылыққа ден қойған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарағанды облысында дүниеге келген Айтбек Аулбаев заңгер мамандығын бойынша білім алған. Алайда жол апатына түсіп, көзі көрмей қалғаннан кейін өмірінің түбегейлі өзгергенін айтады.

"Жұмысым алға басып, биіктен көріне бастаған сәтімде жол апатына түсіп, осындай жағдайға душар болдым. Сөйтіп елордадағы жұмыс орнымнан шығып, өзімнің туған жерім Балқашқа қайттым. Әрине басында қатты қиналдым және ондай кішігірім қалаларда біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған деп те айту қиын. Сөйтіп 34 жасымда болашақ жарыммен шаңырақ құрып, Алматыға көшіп кеттік.

Сол жақта мен түрлі жобаларды қолға алып, бизнес, спортпен шұғылдана бастадым. Кәсіпкерлікпен шыны керек, басқа жұмыс таба алмағандықтан айналыстым. Өкінішке орай біз сияқты кәсіпкерлерге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған, сол себепті біз барлық кәсіпкерлермен бірдей бәсекеге қабылетті болуға тура келеді. Ал қандай да бір жеңілдіктер бар болса да, оны біз сияқты мүгедек жандардың көбісі білмей жатады.

Жалпы мүгедектерге қызметтердің барлығы проактивті режимде көрсетілуі тиіс деп ойлаймын, өйткені бізге әр құжат үшін жүгіру өте қиын", - дейді кәсіпкер.

Айтбек Аулбаев бүгінде #АуылФутбол жобасының белсенді қатысушысы. Ол осы жоба арқылы ауыл балаларына доп теуіп, футбол ойнауды үйретсек дейді.

"Бұл жоба бойынша мен фандрайзингі болып табыламын және оны ұйымдастыру жұмысына атсалысамын. Қазірдің өзінде бір жылдан астам уақыт ішінде бұл жобаның арқасында бірнеше ауылда шағын футбол алаңы салынды, сондай-ақ 30-дан астам ауылдық футбол клубтарына материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 7 турнир өткізіп, ауыл бапкерлеріне семинар, балаларға саяхат ұйымдастырдық.

Менің арманым осы ауыл балаларының арасынан мықты ойыншылар шығып, оларды әлемдік футбол лигасында көрсем деймін. Мысалы Германияда 2006 жылы балалар футболын дамыту бағдарламасын қабылдаған, соның нәтижесін енді көріп отыр. Осы сияқты әлеуметтік жобалардан бөлек PR, SMM-мен айналысатын коммуникациялық агенттігім де бар.

Әрине бастапқыда көптеген клиенттер мүгедек кәсіпкермен жұмыс істеуге қорықса, қазір біздің клиенттердің арасында трансұлттық компаниялар, қаржылық ұйымдар мен басқа да белді мекемелер бар", - дейді ол.

Білімін жетілдіріп, МВА дәрежесін алған кәсіпкер, сұхбат соңында өмірде қандай жағдай болса да, мойымайтынын жеткізді.

"Жалпы мен ешқашан өмірде мұңаюды білмейтін жанмын. Қолымнан келсе барынша өмірді сүйіп, оның тек жақсы жақтарын көруге тырысып, бағамын. Өмір осынымен қызық деп ойлаймын", - дейді Айтбек Аулбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915456-esqasan-moiygan-emespin-39-zastagy-zagip-kasipker-auyl-balalaryna-futbol-alanyn-salyp-berip-zur/

pixel