RU

"Құрбымның қойнына кетті": Төрт балалы шымкенттік әйел күйеуінің опасыздығына күйінді

Фото
Фото: pixabay.com

Шымкенттік келіншек күйеуінің бала кезінен танитын жан құрбысына кетіп қалғанын айтып, жан сарын ақтарды. Айтуынша, былтыр дос қызының жолдасы қайтыс болып, ол жесір қалған көрінеді. Жан құрбысына жаны ашыған келіншек, оған көмектесемін деп күйеуімнен айырылдым дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі жазады.

Маржанның кенжесі (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді ред.) бүгінде үш айлық. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ол жарты жылдан бері күйеуіммен тұрмайтынын айтады.

"Әсеммен біз бала күннен араласамыз, оны тіпті құрбым емес, сіңілім деп айтатынмын. Ол менен бір жас кіші болса да, тұрмысқа кеш шықты. Жолдасы былтыр осы жаман індеттін қайтты. Араларында бала да болмаған соң, жалғыз қалды. Әйтеуір өз күшімен, ипотекаға алған бір бөлмелі пәтері болатын.

Сонда тұрып жатты. Мен құрбыма жаным ашып, былтыр карантин жеңілдетілген соң, үйіне балаларым, жолдасыммен жиі баратын болдым. Әке-шешесі алыста, қалада бауырлары болмаған соң, көңілін аулауға тырыстым. Сөйтіп барғыштағаным не керек, күйеуімнен айырылдым", - деп күрсінді Маржан.

Маржан күйеуінің құрбысымен көзіне шөп салғанын алты ай бұрын білген. Жан жарынан көңілі қалған келіншек, бірден күйеуін тастап, бөлек шықтым дейді.

"Біздің пәтеріміз жоқ, "Лесная полянада" үй жалдап тұрдық. Жолдасым да, өзім де колледж бітіргенбіз. Диплом бойынша Шымкентте жұмыс таба алмағандықтан, елордаға келгенбіз. Жолдасымның астында көлігі бар, такси болса да, базарға шықса да, күнделікті тамағымыз бен пәтерақымызды бірдеңе қылып тауып алатынбыз.

Содан осыдан жарты жыл бұрын күйеуім мен Әсемнің хабарламаларын телефоннан байқаусызда көріп қалдым. Әрине, қатты налыдым, жыладым да. Бірақ аяғым ауыр болғандықтан және әне-міне босанатын күнім жақындап қалғандықтан, балама зияным келмесін деп, өз-өзімді қолға алдым. Қазір осында туыс әпкемнің үйінде тұрамыз. Бұл үйде де өзінің балалары бар, менің төрт балам бар. Қанша жерден туыс болса да, өз үйіңдей болмайды", - дейді келіншек.

Маржан әпкесінің үйінде кенжесінің аяғы күйіп қалғанын айтып, балаларының әкесіне мән-жайды түсіндіріп, хабарласқанында, ол балалардан бас тартқанын жеткізді.

"Бала болған соң, осындай оқыс жағдай болды. Екі жастағы кіші қызым байқаусызда кесені қағып қалып, коляскада жатқан кенжемнің бір аяғы күйіп қалды. Жолдасыма бірден хабарластым, бірақ қатты өкіндім. "Сен де, балаларың да маған керек емессіңдер, Әсеммен жаңа өмір бастаймын" деп тұтқаны қоя салды.

Тағы бір рет қатты көңілім қалды. Бірақ балаларым үшін, аяқтан тік тұруым керек. Аяғы жазылған соң, елге қайтатын шығармын. Алдымен ажырасу керек, сосын Алланың басқа салғанын көремін. Бар түйгенім ешкімге сенуге болмайды екен. Аңғаулығым мен балалығымнан, күйеуіммен құрбымнан мұндай шығады деп ойламаған едім. Бірақ өмір болған соң, бәрін көріп, көнеді екенсің" , - деп әңгімесін аяқтады келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915639-qurbymnyn-qoinyna-ketti-tort-balaly-symkenttik-kelinsek-kuieuinin-opasyzdygyna-kuiindi/