Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 рет тасаттық бердік": Аралдағы қуаңшылықтан қырылған малдың өлексесі елді шошытты

Опубликовано:

Жылқы
Фото: Facebook/Зеріп Айтжанова

Қызылорда облысы тұрғындары әлеуметтік желіде қуаңшылықтан мал қырылып жатқанын жарыса жазуда. Тұрғындар облыста төтенше жағдай жариялау керектігін айтып, дабыл қақты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жергілікті жұрт әсіресе Құланды, Арал ауданында жаңбырдың бір тамшысы да тамбай, жер қурап тұрғанын алға тартады. Зеріп Айтжанова есімді желі қолданушысы Арал аймағында аштан қырылған ірі қараның суреттерін жария етті.

"Тап бүгіндері Құланды, жалпы Арал ауданы күйреу алдында тұр. Соңғы ақпарат бойынша қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған аймақтарда көк майса шөп шықпақ түгілі адыраспан көрінбейді. Құландылықтар соңғы аптада бесінші рет тасаттық рәсіміне жүгінді. Сіркірегісі де келмепті. Ұсақ малға қорек болар шөп шықпағасын отарларын өз қолымен бауыздап тынды. Қырылудың кезегі ірі қараға жетті. Биылғы қыстан аман шыққан мал жайылымда көк орнына топырақ жалап, ауылдың бұрандасына су ішуге жеткен кезде көтерем сиыр мен жылқы тұяғы тайып сазға батып, қырылып жатыр", - дейді Зеріп Айтжанова.

Айтуынша, Арал теңізі мен Әмудария, Сырдарияның суы жоғалғандықтан өлкеде қар да болмайды, жаңбыр да жаумайды.

"Құландылық бір ағайын малын көлікке тиеп Қызылордаға тасып, ауылға шөп тиеп сау малын аман алып қалуға талаптануда. Айтпақшы, Арал тұрғындары әлеуметтік желілерде үйлерін сатуға қойған хабарландыруларын жарысып жазуда", - деп жанайқайын жеткізді тұрғын.

Сиыр мен жылқы өлексесіне сенбей жатқан жұртқа дәлел ретінде Зеріп Айтжанова Аралдағы шаңды боранның видеосын жүктеді.

"Бұл шындық, Арал ауданының көрген күні осы, күнде боран, топырақ", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі жазба авторын қолдап.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915642-5-ret-tasattyq-berdik-araldagy-quansylyqtan-qyrylgan-maldyn-oleksesi-eldi-sosytty/

pixel