RU

Үш дүркін чемпионның өлімі: Ақтөбеде сот отырысы басталды

Сот балғасы
Көрнекі фото: piqsels.com

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстанның 3 дүркін чемпионы Дәулет Хайролланың өліміне қатысты сот отырысы басталды деп хабарлайды Қазақпарат.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына С.Ж.Садуовқа қатысты Қылмыстық кодекстің "Қаруды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу", "Адам өлтіру", "Бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс түскен.

Айыптау актісіне сәйкес, Садуов атыс қаруын заңсыз алып жүрген, тасымалдаған және сақтаған.

"Сонымен қатар, биылғы 4 ақпан күні түсініспеушілік салдарынан Садуов алкогольдік мас күйде атыс қаруынан Ж.-ға оқ атқан, Ж. атылған оқтан құтыла алған. Артынша, Садуов жәбірленуші Х.-ға қаруды бағыттап, екінші рет оқ атқан. Келтірілген дене жарақатынан соңғысы қаза болды. Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысында", - делінген хабарламада.

Бүгін каратэден Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, марқұм Дәулет Хайролланың туған-туыстары сот алдына жиналып, бір емес, бірнеше күдіктінің іске жауапты екенін жеткізді.

"Ол жерде бір емес, бірнеше күдікті бар. Сол себепті біз істі қайта тергеуге жіберіп, қылмыс жан-жақты қайта қаралса дейміз. Бәрін жауапқа тартуды сұраймыз. Куәгерлердің сөзінше, күдіктіні қайрамағанда ол оқ атпас еді. Жан-жағындағылар "ат, ат!" деп айтқан екен", - деді Дәулет Хайролланың апасы Жадыра Айжанова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915735-us-durkin-cempionnyn-olimi-aqtobede-sot-otyrysy-bastaldy/