RU

"14 жасар балам бағып отыр": Бір жылда анасы мен әйелінен айырылған әскери азамат мүгедек арбасына таңылды

Айдар Серкебаев
Айдар Серкебаев: жеке мұрағат

Бұрынғы әскери қызметкер, тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік бағытта қызмет етіп, сол елдегі азаматтық соғысты тоқтатуға үлес қосқан алматылық Айдар Серкебаевтың бүгінгі халі көпшілікті алаңдатып қойды. Осыдан екі жыл бұрын құрылыс алаңында екінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған Айдарға дәрігерлер көпке дейін диагноз қоя алмаған. Қазіргі таңда Айдар бірінші топтағы мүгедек. Арбаға таңылған апталдай азамат бір жарым жыл ішінде анасы мен әйелінен айырылып, үш баласының қолына қарап қалды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айдар Серкебаев 1976 жылы дүниеге келген. Мүгедек арбасына таңылғанға дейін ол алты жыл полицияда қызмет етіп, кейін құрылыс бригадасына жетекшілік етеді. Алайда, тосыннан болған жазым оқиға салдарынан бірінші топ мүгедегіне айналады.

«Мен әйгілі Қазбатта қызмет етіп, тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатыстым. Талибандарға, есірткі саудасына қарсы соғыстық. 1995-1996 жылдан аралығындағы уақытым осылай өтті. Кейін полицияда жұмыс істеп, құрылыс саласына бет бұрдым. Өзімнің жеке құрылыс бригадам болды, соларға жетекшілік етіп жүрдім. Бірақ жазым оқиға өмірімді күрт өзгертті. Құрылыс кезінде екінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алдым. Дәрігерлер диагноз қоя алған жоқ. Өзім жеке емханаларды жағалап жүріп, омыртқамның жеті жерден жарылғанын білдім. Осы күнге дейін ешкімге қол жайғаным жоқ», - дейді Айдар.

Айдарға анасы мен әйелінің қатарынан өмірден озғаны да ауыр соққы болды. Бүгінде ол 14 және 12 жастағы ұлдары мен 7 жасар қызының көмегіне зәру.

«Жеке баспанамыз жоқ, қазір қарындасымның үйінде тұрып жатырмын. Бір жарым жыл бұрын анам кеуде рагынан, әйелім жүрек жетіспеушілігінен көз жұмды. Бүгінде менің күтімімді 14 жастағы балам мойнына алды. Екінші ұлым да көмектеседі. Үлкен ұлым футболға қатты қызығады. Өжет ауылындағы командада доп теуіп жүріп, жақында аяғын сындырып алды», - дейді ол.

Айдар Серкебаев отбасымен
Айдар Серкебаев отбасымен: жеке мұрағат

Бүгінде Айдар Серкебаевқа әскердегі әріптестері көмек қолын созып тұрады. Олар әзірге тұрып жатқан үйіне кішігірім жөндеу жүргізіп, Айдарға кезектен тыс үй беру үшін әкімнің алдына бармақ.

«Маған жақында «Қазақ батыры» деген орден берілді. Бұл да көңілді аулайтын нәрсе екен. Денсаулығымның жоқтығы қол байлап тұр, әйтпесе, талай жұмыс қолымнан келеді. Ендігі арманым – балаларымды жетілдіру», - дейді Айдар.

Айдар Серкебаевқа көмектесем деушілер үшін реквизит төмендегідей:

Kaspi Gold: +7 747 556 8841, Айдар Серкебаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915765-14-zasar-balam-bagyp-otyr-bir-zylda-anasy-men-aielinen-aiyrylgan-askeri-azamat-mugedek-arbasyna-tanyldy/