Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өмір сүргім келмейді": Түркістандық әйел күйеуіне алданып, өз әкесінің үйінен айырылып қалғалы тұр

Опубликовано:

Әйел терезеге қарап отыр
Көрнекі фото: Pixabay.com

Екі балалы келіншек азаматтық некеде тұрған бұрынғы күйеуіне алданып, сан соғып қалған. Әйелдерге арналған "Көмек" оңалту орталығын ақпан айынан бері паналаған екі балалы әйелден тіпті туған бауырлары да теріс айналған. Ең басты себеп - бұрынғы күйеуі ломбардқа қайын атасының үйін қомақты сома үшін өткізіп жіберген. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген әйел күйеуінің қарызы өз жанына батқанын, туған бауырларына қара бет болып, қазір өмір сүргісі келмей жүргенін жеткізді. Шиеттей екі баланың анасы елден көмек сұрап отыр.

Түркістандық Лаура (есімі өтініші бойынша өзгертілді) екі қыздың анасы. Тұңғышы үште болса, кенжесі - бір жасқа тола қоймаған. Өз сөзінше, ол жігітімен сүйіп қосылған. Алайда азаматтық некеде тұрған.

"Алғашында күйеуімнің кәсібі жүріп тұрды. Қара металлмен айналысатын. Қалтасында миллиондап ақша жүрді. Алдыңғы жылы менің атымдағы әкемнің жерін ломбардқа қойып үш миллион теңгедей ақша алды. Ол жерге өз әке-шешем үй салып еді. Кейін күйеуім ол қарызын жапты. Пандемия басталмас бұрын ақша керек болып, қайтадан сол жерді ломбардқа салдық. Менің сеніміме кірген соң, жаман ой болған жоқ, қарызды жауып, үйдің құжатын қайтарып аламыз деп ойладым. Бірақ, карантин уақытында жұмысы жүрмей, сауда тоқтап, ол банкрот болды.

Ломбардтың қарызы өсе берді. Бұрынғы күйеуім сол бетімен жоқ. Қайда жүргені белгісіз. Қазір маған күнде екі жақтан қоңырау соғып, жанымды қысып жатыр. Бір жағынан ломбард қарызды жаппасам жерді тартып аламыз десе, екінші жақтан туған бауырларым мен келіндерім" үйден сенің кесіріңнен айырылып қалатын болдық" деп табалап жатыр. Өмір сүргім келмейді, тығырықтан қалай шығатынымды білмеймін", - дейді Лаура.

Оның сөзінше, әкесінің ауыр дертке шалдығып, аяғын отамен кесіп алып тастауы жағдайды одан сайын ушықтырған. Төркіні әкесінің ауруға шалдыққаны үшін де Лаураны кінәлауда екен.

Лаураның айтуынша, ломбард қазір тек алған ақшаны пайызсыз қайтаруды талап етіп отыр. Енді келіншектің бар ойы тезірек 3,5 миллион теңгені тауып, қарыздан құтылу, екіншіден ата-анасының алдында абыройын қайтару.

"Көмек" оңалту орталығының мамандары Лаураның сөзін растап отыр. Орталық мамандары көмек сұрап келген келіншектің бұрын жұмыс істеген орнынан, таныстарынан мінездеме жинаған. Орталық әйелдің мәселесін шешіп беруге ынталы демеуші іздейді.

"Бұл қызға жанымыз ашиды, психикасы бұзылған десек те болады. Психолог маманымыз жұмыс істесе көңіл-күйі біразға дейін жақсарып қалады. Бірақ үйі, төркіні жағынан хабарласса бірден түсіп, өз-өзін тастап жібереді. Сізге айтудан ұялып отыр, бірақ біздің орталыққа келгенде оның өзіне қол жұмсамақ ойы болған. Өйткені туған-туысынан оңбай таяқ жегенін айтты. Ұрып-соққан. Оның өзін де, күйеуін де тексеріп, сұрастырып көрдік. Шынын айтып отыр.

Күйеуінің бұрын бизнесі жақсы жүріпті. Тендермен айналысқан екен. Ал өзі жергілікті базарда жақсы сауда жасаған. Бірге істеген таныстарынан Лаураның мінездемесін жинақтадық. Енді осы қызымызға бір көмектесіп жіберетін демеуші іздеудеміз", - дейді орталық мамандары.

Лаураға төмендегі телефон нөмірі арқылы қаржылай көмек көрсету мүмкіндігі бар:

Kaspi Gold:

+77750591941

Динара Көкенова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915853-omir-surgim-kelmeidi-turkistandyq-aiel-kuieuine-aldanyp-oz-akesinin-uiinen-aiyrylyp-qalgaly-tur/

pixel