RU

"Банктен қоңырау шалып тұрмыз": Алаяққа алданған тұрғын 8 млн теңгеден аса қаржасынан айырылды

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ

Петропавл тұрғыны алаяққа алданып, сегіз миллион теңгеден аса қаржасынан айырылып қалды деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай 44 жастағы петропавлдық әйелге алаяқ хабарласып, "банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрғанын" айтқан.

Бейтаныс дауыс оған шотында күдік тудыратын әрекеттер жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Осыдан кейін ол тұрғынға ақшаны сақтап қалу үшін "қосалқы шотқа" аудару қажет екенін айтыпты. Оның нұсқауын орындаған әйел нәтижесінде бар жиған-тергенінен айырылып қалған.

Аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Осы ретте полицейлер қала тұрғындарын алаяқтардан абай болуға шақырады.

"Егер сіз өзіңіздің банк активіңізге біреудің қолсұғуына жағдай жасамасаңыз, яғни құпия мәліметтеріңізбен бөліспесеңіз, онда алаяқтардың дәрменсіз екендігін естен шығармаған жөн. Қауіп туралы жақындарыңыз бен туыстарыңызды ескертіңіздер, алаяқтарға сенбеңіздер. Күмәнді жағдайларда өз шоттарыңыз жайлы нақты ақпарат алу үшін банкке жеке жүгініңіз", - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк соңғы кездері елімізде алаяқтық фактісі көптеп тіркелуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915947-bankten-qonyrau-salyp-turmyz-alayaqqa-aldangan-turgyn-8-mln-tengesinen-aiyryldy/