Шымкентте VIP нөмірлерден түскен 44 млн теңгеден аса қаржы мемлекет қазынасына құйылмаған
Жарияланған күні:
Еліміздің үшінші мегаполисінде жоғары сұраныстағы нөмірлерден түскен 44 млн теңге мемлекет қазынасына құйылмаған деп хабарлайды Қазақпарат мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментімен салықтар және бюджетке төленентін басқа міндетті төлемдердің толық есептелуін, бюджетке төленуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік баждар мен алымдардың төленуіне үнемі бақылау жүргізіліп отырады.
Жақында уәкілетті органға тексеру жүргізу барысында 148 көлік иесіне жоғары сұраныстағы (VIP нөмір) мемлекеттік тіркеу нөмірі берілгені оның жалпы құны 44,4 млн теңгені құрғаны, алайда қаржының мемлекет қазынасына түспегіні анықталған.
Одан бөлек, 130 көлік иесінен механикалық көлік құралдарын бастапқы мемлекеттік тіркегені үшін алынатын 123,2 млн теңге алым бюджетке түспеген.
Сонымен қатар, қызмет бабымен көшіп келушілерден Қазақстан Республикасы аумағына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты бергені және (немесе) ұзартқаны үшін 155,1 млн теңге жеке табыс салығы да бюджетке түспеген.
Жалпы мемлекеттік бюджетке барлығы 320,0 млн теңгеден аса қаржы түспей отыр, деп хабарлайды ведомство өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін желі оқырмандары Түркістан облысының полиция департаментіне наразы екендерін білдірген. Көпшілік қымбат Camry 70 патрульдік көліктерінің 7777 және 5555 сынды нөмірлермен жүргеніне шүйліккен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915999-symkentte-vip-nomirlerden-tusken-44-mln-tengeden-asa-qarzy-memleket-qazynasyna-quiylmagan/