Қарағандыда полицейлер ерлі-зайыптыға жоғалған 2 млн теңгесін тауып берді
Жарияланған күні:
Ақмола облысында тұратын ерлі-зайыпты көлік сатып алу үшін Қарағандыға келген. Алайда олар ішінде 2 млн теңгесі бар сөмкесін жоғалтып алған деп хабарлайды Polisia.kz.
3 маусым күні сағат 12:25 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне белгісіз біреу Нүркен Әбдіров даңғылындағы үйлердің бірінің ауласындағы орындықтан ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені алып кетті деген хабарлама түскен.
Арада он минут уақыт өткенде оқиға орнына құрамында тергеуші Арман Иманқұлов, жедел уәкіл Ізмұрат Мүслімов және криминалист Нұрлан Бейсенбеков бар жедел-тергеу тобы жеткен.
Алдымен сол жерге барған полиция қызметкерлері ірі көлемде ақшаның жоғалуы бойынша анықтау жұмыстарын жүргізген. Анықталғандай, ерлі-зайыпты Кокышевтер көлік сатып алу мақсатында Ақмола облысынан Қарағандыға келген.
Нүркен Әбдіров даңғылының бойындағы үйлердің бірінің ауласында олар Қарағанды қаласынан сатып алмақшы болған көлікті көрсететін өзінің танысын күтіп отырған. Арада уақыт өткенде танысы келіп, ерлі-зайыптыны сатып алатын көліктерін көрсетуге апарған.
Көлік алуға барар жолда Вероника отырған жерлерінде ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкесін ұмытып кеткенін айтып, Нүркен Әбдіров даңғылына қайтып оралған. Олар ақша салынған сөмкені таппағандықтан, полицияға хабарласты.
"Оқиға орынына келген біздер бірден аумаққа оқиғаның куәгерлерін анықтау мақсатында жұмыстар жүргіздік. Алайда куәгерлер болмады. Іздеу жұмыстары барысында сол маңда орналасқан ойын-сауық мекемесінде орнатылған бейне-бақылау камера барын анықтадық. Мекеме директоры бізге бейнебақылау камерасының жазбасын қарауға рұқсат берді.
Бейнетаспаны қарау кезінде біздің назарымызға жәбірленушінің қалдырып кеткен қол сөмкесін қойынына тығып кетіп бара жатқан шамамен 30 жастағы адам ілінді. Біз оның жеке басын және тұрғылықты мекен жайын анықтадық. Үйіне кіргенімізде ол бізге бірден ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені берді. Біз оны иесіне қайтарып бердік", – дейді Ізмұрат Мүсілімов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916163-qaragandyda-policeiler-erli-zaiyptyga-zogalgan-2-mln-tengesin-tauyp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.