Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазандағы трагедия: қазақстандық оқушылардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі

Опубликовано:

окушы
Көрнекі фото: pixabay.com

Татарстан. 11 мамырдың таңы. Алаңсыз сабақ оқып отырған оқушылар тарс еткен дауыстан селк ете түсті. Қару асынған жігіт өзі бітірген мектепке келіп, оқ жаудырған. Көрші елдегі қанды қырғын әркімге әртүрлі ой салды, ата-аналардың уайымын арттырды. Қазақстан билігі де "біздегі білім беру ұйымдары қаншалықты қауіпсіз" деген сұрақ төңірегінде ойлана бастады. Sputnik Қазақстан тілшісі мектеп директорлары мен мұғалімдерімен әңгімелесіп, балаларды күтпеген қауіптен қалай қорғауға болатынын сұрады.

Қазан қаласында болған трагедия күні Нұр-Сұлтандағы жекеменшік Astana Garden School де шұғыл эвакуацияланды. Мектептің электронды поштасына бәзбіреу іште бомба бар деп жалған хабарлама жолдаған.

"Дәл сол күні біздің мектепте жарылғыш бар деген хабарлама түсті. Бір-екі минут ішінде оқушылар мен персоналды сыртқа шығардық. Полицияға хабар бердік. Арнайы қызметтер келіп, ғимараттың іші-сыртын тексеріп шықты. Абырой болғанда, ештеңе табылған жоқ", - дейді Astana Garden School директоры Тимур Боскин.

Айтуынша, мектеп әкімшілігі эвакуация жоспарын үнемі жақсыртып отырады. Мәселен, осы жолы оқушылар далада күн жылы болғандықтан, сыртқа эвакуацияланды. Ал ТЖ дабылы қыста іске қосылғанда, балалар тоңып қалуы мүмкін. Сол себепті Astana Garden School жақын маңдағы ғимараттармен меморандум бекітіп жатыр. Қақаған қыста төтенше жағдай орын ала қалса, оқушылар мен мұғалімдер уақытша сол ғимараттарды паналайды.

Қазандағы оқиғадан кейін мектеп басшылығы талдау жүргізіп, күзет агенттіктерімен, өрт қауіпсіздігі өкілдерімен кездескен. Балалардың қауіпсіздігін күшейту жұмыстары пысықталған.

"Мектеп аумағы аптасына жеті күн тәулік бойы күзетіледі. Мамандандырылған күзет агенттігімен келісімшарт бекітілген. Бұған қоса ғимараттың бүкіл периметрі бойынша, сыртында және ішінде, бүкіл қабатта  бейнебақылау камералары орнатылған. Кіреберісте турникеттер тұр. Мұғалімдер мен оқушылар карта арқылы кіріп-шығады. Яғни бөгде адамдар, соның ішінде ата-аналар мектепке кіре алмайды. Пандемияға байланысты кіріп-шығу талаптары одан әрі күшейтілді. Егер бөтен адам мектеп әкімшілігімен кездескісі келсе, алдын ала хабарласып жазылуға тиіс. Оны өзі кездесетін адам есік алдында қарсы алып, кейін шығарып салады. Күзетші әр келушінің жеке куәлігін тіркеп, оған бейдж береді", - деп түсіндірді Боскин.  

Мектепте күзет дабылы іске қосылған, әр қабатта эвакуация жоспары ілініп тұр. Бұған қоса білім ошағында автономды қақпа орнату жоспарланып отыр.

"Біз қазірдің өзінде мектеп аумағына бөтен автокөліктердің кіруіне тыйым салдық. Есіктерге домофон орнатып жатырмыз, енді бірнеше пост болады. Яғни бірдеңе бола қалса, құқыққорғау органдарына хабар беру үшін уақытымыз көбейеді. Мектепте кіріп-шығатын негізгі есіктен бөлек, апатты есіктер, тамақ жеткізушілерге арналған, яғни бірнеше кіретін жер бар. Біз оларды да картамен жабдықтауды жоспарлап отырмыз", - деді директор.

Сонымен қатар, келешекте Face ID жүйесі де енгізілмек. Ол, тіпті бетперде киген адамды бірден таниды. Бұған қоса, онда дене қызуын автоматты түрде өлшейтін функция бар. COVID-19 індеті кезінде бұл өте өзекті, деп санайды Боскин.

"Дабыл сигналы іске қосылғанда, ең бастысы – мектепте кім барын білу. Сондықтан бүгін мектепке кім келгенін білу өте маңызды. Сынып жетекшісі күнде таңертең оқушыларын түгендеп, кім келіп-келмегенін нақты білуге тиіс. Бұл эвакуация кезінде бәрі құтқарылды ма, жоқ па, соны білу үшін қажет", - деді ол.

Сондай-ақ, директордың пікірінше, әр оқытушы баланың қатыгездікке бейімділігін анықтай алуы керек. Мектеп ұстаздарын осыған оқытқан жөн. Бұл жерде психологтардың белсенділігі аса маңызды.

Елордадағы Міржақып Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназияның директоры Күнімбала Баяхметованың айтуынша, мектепке күзетші тұрақтамайды. Осыған байланысты күзет мекемелерімен келіспеушіліктер жиы болып тұрады дейді.

"Мектебімізді арнайы күзет ұйымдарынан келетін күзетшілер бақылайды. Бір байқағаным: ол жерде көбіне зейнетке шыққан, жұмыссыз әйелдер. Бірақ мен әскери орындарда, ішкі істер органдарында қызмет еткен ер адамдарды жіберуін талап етіп отырамын. Өйткені олар адамның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін әбден зерттеген, күмәнді кісілер олардың көзіне бірден түседі. Өкінішке қарай, күзетте адамдар тұрақсыздау, жиі ауысады. Осыдан кейін күзет мекемелерімен келіспеушіліктер жиі болып тұрады", - деп қапаланды ол.

Қаладағы барлық білім ошағы сияқты №68 мектеп-гимназия да бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Қазір мектепте 94 камера орнатылған екен. Бірақ қажеттілік әлі де бар.

Бұған қоса кіреберісте вахта қызметкері тұрады. Кірген-шыққан адамды, негізінен, осы кісі бақылайды. Одан кейін мектеп директорының бекітуімен белгіленген кезекші мұғалімдер де болады.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп әкімшілігі күзге дейін турникеттер орнатпақ.

"Негізінен, қала көлемінде барлық мектепте турникет бар. Біздің мектепте турникет биылға жоспарланды. Бұрын мектепке турникет берілмеген. Бөтен біреулердің ғимаратқа кіруін шектейтін жабдықтарды жан басына қаржыландыру есебінен қоюды көздеп отырмыз. Жоспарды күзге дейін аяқтаймыз деген ойдамын", - деді Баяхметова.

Атырау облысы Индер ауданы Боран Нысанбаев атындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Ақмарал Ғабдулина Қазандағы трагедия біздің елде қайталанбас үшін бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу қажет деп санайды.

"Өкінішке қарай, бізде тәрбие жағы ақсап тұр. Жалпы, тәрбие отбасыдан басталады ғой. Ал қазір ақпараттың толассыз ағынында ата-ана өз баласын қадағалай алмай жатады. Тіпті уақыты да жоқ. Өз басым тәрбие мәселесіне өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Ата-аналардың жауапкершілігін күшейту қажет. Қай жерден ақсап жатырмыз, сол жерден таяқ жеп жатырмыз", - дейді ұстаз.

Көрші елдегі қанды қырғаннан кейін білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде қауіпсіздік күшейтілетінін мәлімдеді.

"Қазан қаласында болған жантүршігерлік оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл біз үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Сондықтан біз білім саласында кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдауымыз керек", - деген еді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.

Ол мектептерді дабыл түймесімен және бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған қоса камералар ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылады.

Сонымен қатар министрлік мектептерге кіргізуге тыйым заттардың тізімін бекітті. Қару мен оған сыртқы ұқсастығы бар заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек, шаншитын, кесетін және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге және пайдалануға жол берілмейді.

Бұған қоса оқушылардың сабақ кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Алайда бұл шектеу ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қатысты емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916185-qazandagy-tragediya-qazaqstandyq-oqusylardyn-qauipsizdigi-qalai-qamtamasyz-etiledi/

pixel