RU

"Альфонстар да келеді": Ақтөбелік келіншек 40 жастан асқан бойдақтарға жұп тауып беріп жүр

Бейбітгүл Сүлейменова
Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік келіншек Бейбітгүл Сүлейменова 40 жастан асқан бойдақтарды жұптастырып, жалғызбасты егде жандарға дос тауып беріп жүр. Жанына жақын серік іздеп, шынайы байланыс пен достықты қалайтындарға әлеуметтік желіден топ ашып, таныстыруды бастаған келіншек KAZ.NUR.KZ порталына сұқбат берді.

Жұмысын үш-төрт ай бұрын ғана бастаған желідегі танысу бұрышынан төрт жұп бас қосып, отбасы болып үлгерген.

"Давай поженимся"  тобына қосылу ақысыз. Биылғы жылдың ақпан айында ашылды. Ол 40 пен 50 жас аралығындағы адамдарға арналды. Топта ажырасқандар мен жолдасы қайтыс болған 28 адам отыр. Жұп тапқандар шығып кетеді. Ер адамдар мен әйел адамдардың санын тең ұстап отырамын. Ең үлкені 56 жаста.

Топ мүшелерінің Ақтөбе қаласынан болғанын қалаймын. Себебі ай сайын шығып, кездесіп тұрамыз. Бірінші кездесуден кейін бір жұп бас қосты. Көктемге қарай екінші жұбымыз бас қосты. Қыз Ресейден келді. Ол қызды алғашқы кезде топқа қоспадым. Себебі ол Новотроицк қаласында тұрды. Біздің кездесулерге келе алмайтындықтан "жұп таба алмайды-ау" деген ой болды.

Кейін топта қыздар азайғанда кіргіздім.  Сол кездері топқа 50 жас шамасындағы ер адам да қосылған еді. Екеуі жақсы танысып кетті. Қазір Ресейде тұратын қызымыз осында көшіп жатыр. Осындай түрлі қызықты оқиғалар көп.

Танысу тобында тек саясат, дін және төсек қатынасы туралы әңгіме айтылмайды.  Қалған тақырыпта әзілдесіп сөйлесе береміз. Бұл адамдардың бір-бірін жақын тануына көмектеседі",- дейді желідегі танысу бұрышының  жетекшісі Бейбітгүл Сүлейменова.

Бейбітгүл ересек адамдар арасындағы желідегі танысу бұрышын ашу туралы бастаманы көпшіліктің ұсынысымен қолға алған. Топқа қосылған адам бірінші өзін таныстырып, қандай жұп іздейтіні туралы мәлімет береді екен. Айтуынша, жұп іздеушілер қатарында келіншектер көп.

"Бізге хабарландырулар арқылы шығатындардың дені 40 жастан асқан әйел адамдар. Тұрақты байланысты сұрайды. 50 жастағы ер адамдар қасына серік болатын адам іздейді. Ал 40 жастағылар жастау, босана алатын қыз іздейді. Бұрын 40 жастан кейінгі ер адамдар үлкен кісі болып көрінетін еді. Қазір тұрақтылықтан көрі еркін байланысты қалайды. Кейде топта отыруға ұялатын адамдар болады.

"Мен үлкен кісімін, мен фотоларымды жібергім келмейді" деп жекеге жасын айтып, қандай келіншек іздейтінін жазады. Менде  ондай үш адам бар. Араларында мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер бар. Ол кісілер фотосын жекеме жібереді. Осылай да жұптасып жатқандар бар. Бізде тағы бір қызық жұп бар. Әйел адам 47 жаста, ер адам 37 де. Махаббат жасқа қарамайтын шығар. Олар бір-бірін ұнатып қалды. Кездесіп жүр",- дейді ол.

Желідегі танысу бұрышынан мемлекеттік қызметкерлердің де көмек сұрайтынын білдік. Жұп іздеушілердің қатары күн санап көбейген. 

"Альфонстар да болды.  Олар "баспанам жоқ, маған оның үйіне көшіп баратын әйел керек"  деп нақты талабын және балалары үшін жауап алмайтынын ашып айтады.  Және бұл талаптарды қабылдауға дайын әйел адамдар да бар. "Ер адамды өзімнің үйіме кіргізуге дайынмын" деп бірден ашып айтады.  Мұның бәрін жекеде талқылаймыз. Тобымызға үйленгендер кіріп кеткен кездер болды. Ақтөбе үлкен қала емес. Сондықтан бірі болмаса бірі танып қалады. Топқа кірген ер адамды бір қыз таныды. Жекеме шығып жұмысын, әйелі, баласы бар екенін айтты. Ондайлар топта отырмайды",- дейді ол.

Бақытты жұптардың көбейгенін көрген Бейбітгүл енді ауылдағы жалғызбастылардың басын қосуды ойластырып жүр.

"Қазір таза қазақша топ ашуды ойлап жүрмін. Бірінші топ ересектер, бәрінің қалада үй-жайы бар. Олар ауылға баруға дайын емес. Сол үшін ауылға баруға дайын және ауылдағы жалғызбастылар үшін қазақ тілді топ ашуды жоспарлап жүрмін",-дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916190-alfonstar-da-keledi-aqtobelik-kelinsek-40-zastan-asqan-boidaqtarga-zup-tauyp-berip-zur/