RU

Полицейлер "ксивамен" мәселе шешпек болған Нұрболдың видеосын көрсетті

Нұрбол
Видеодан кадр: polisia.kz

Шымкентте қызметтік куәліктің көмегімен мәселе шешпек болған ер адамның оқиғасына қатысты жаңа деректер шықты. Тәртіп сақшылары Нұрбол есімді көлік жолаушысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жалған куәлігін көрсеткен сәтін жетонға жазып алған деп хабарлайды Polisia.kz.

2 маусым күні патрульдік полиция қызметкерлері сағат 18:40-та жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін Lada-21144 көлігін тоқтатқан.

Тәртіп сақшыларына көліктен шыққан ер адам өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері етіп таныстырып, телефонындағы қызметтік куәліктің фотосын көрсеткен.

Осы ретте ол полицейлерден әкімшілік хаттама толтырмауды өтінген. Әңгіме видеожетонға жазылып қалған.

"Көр де, оқы. Саған менің жеке куәлігім неге керек? Мені мазақ етіп тұрсың ба?", - дейді Нұрбол.

Нәтижесінде жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 230-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті тұлғаның сақтандыру шартын жасаспауы) және 593-бабының 2-бөлігі (Қауіпсіздік белдігін пайдалану қағидаларын сақтамау) бойынша хаттама толтырылған.

Ал автокөлік айып тұрағына қойылыпты. 3 маусым күні ереже бұзушы 14 585 және 7 292 теңге айыппұл төлеп, көлігін алып кеткен.

Ал жалған куәлік ұстаған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте түсірілген видеоны желідегілер қызу талқылаған еді. Роликте тәртіп сақшылары тоқтатқаннан кейін Нұрбол есімді жолаушының салондағылардан "Менің ксивам қайда?" деп сұрағаны көрсетілген. Көлітен шығып кеткен ол қайта оралып, полицейлердің жай ғана амандасқысы келгенін айтқан.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған адамның ведомствода ешқашан жұмыс істемегенін хабарлады. Енді Нұрболға қатысты жалған құжат жасады деен дерекпен тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916238-policeiler-ksivamen-masele-sespek-bolgan-nurboldyn-videosyn-korsetti/