Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі теракт кезінде қаза тапқан марқұмдардың анасына қала әкімі бас иді

Опубликовано:

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде 5 жыл бұрынғы террорлық шабуыл кезінде қаза болған әскери қызметкерлерді еске алу шарасы өтті. Қақтығыс кезінде қаза болған майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және сарбаз Досбол Сапардың ата-аналары әскери бөлімге шақырылып, батырлар рухына тағзым етілді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Содырлардың қолынан қаза тапқан Берікжан Қалиевтың анасы ұлына көше атын беруді сұрайды. Кіші сержант әскери бөлімге жасалған шабуыл кезінде ерлікпен қаза тауып, «Айбын» орденімен марапатталған еді.

"Осы жерге жыл сайын келемін. Алдымнан балам шығатын секілді. Әскери формадағы балаларды көргенде көзім жасымды тия алмаймын. Анаға баланың қайғысынан артық қасірет жоқ. Балам өте қарапайым, ақжүрек жан еді. Алға қойған арман-мақсаттары көп болатын. Берікжаным атына заты сай антына берік екенін көрсетті. Баламның ерлігін паш етіп жатқан Ұлттық ұлан қолбасшыларының басшылығына аналық алғысымды айтамын. Балам өсіп-өнген жерінде оның есімімен көшенің аты аталса деген тілегім бар",-дейді марқұм Берікжан Қалиевтың анасы Гүлжан Еренова.

Әскери бөлімдегі ұлының суретін көріп, егілген Даниэль Майлыбаевтың анасы да елге бейбітшілік тіледі.

"Бес жыл бұрын елде болмаған жағдай болды. Халықтың қабырғасын қайыстырды. Біз баламыздың арамызда жоқ екеніне әлі күнге сенбейміз. Артында қалған төрт баласы да әкелерінің жоқ екенін мойындағысы келмейді. Ерлікпен қаза тапқан баламызды тірі деп санаймыз. Мен үшін ол тірі. Елде тек тыныштық болсын",-дейді марқұмның анасы Гүлістан Алламбергенова.

Лаңкестік оқиға кезде жарақат алған әскерилер қайғылы оқиғаны еске алып, әріптестерінің рухына жылда құран бағыштайтындарын айтты.

"Осыдан 5 жыл бұрын шабуыл кезінде қарауыл бастығының қызметінде болдым. Әскери бөлімдегі нысандарды күзеттік. Қақтығыс кезінде әріптестеріміз азаматтық борышын өтеп қаза болды. Жыл сайын бұл күні отбасымда құран бағыштаймын. Әріптестерімнің кәсіби әрекетінің арқасында шабуылшылардың арам ойы жүзеге асқан жоқ. Олардың есімі ел жадында",-дейді сержант Ғабит Балжанов.

Әскери бөлімдегі ескерткіш алдында тағзым ету шарасы ұйымдастырылып, гүл шоқтары қойылды. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров батырлардың анасының алдында басын иді.

"Бес жыл бұрын болған қайылы оқиға ел жадында. Әскери қызметкерлеріміз жанын беріп, қауіптің алдын алды. Біреуге бала, біреуге әке болған азаматтарымыздан айрылдық. Азаматтық борышын өтеу жолында ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың туыстарының алдында басымды иемін. Олардың есімі ел жадында. Өшпес ерлік ұмытылмайды. Елімізде тек тыныштық болсын",-деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916277-aqtobedegi-terakt-kezinde-qaza-tapqan-marqumdardyn-anasyna-qala-akimi-bas-idi/

pixel