RU

"Прокурор қайда қарап отыр?": Экологтар Іле ауданында жүзден аса ағаштың оталғанын айтып, дабыл қақты

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: Kazakhstan Today

Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «Шин Лайн» компаниясы ғимарат айналасындағы 150-ге жуық ағашты отап тастаған. Мұндай мәлімдемені бір топ табиғат қорғаушылары атынан Салтанат Тәшімова көтеріп отыр. Жиырма жылдық тарихы бар ағаштарды отап тастаған компания экологтардың ашуын келтіріп, олар аталған ұжымның жұмысына бойкот жариялауды ұсынды.

«Компания айналасындағы ағаштарды отап тастағанын біз жергілікті тұрғындардан естідік. Жасыл желекті жайпап жатқаны дұрыс еместігін айтып, Іле аудандық әкімшілігіне де хабарластық. Бірақ олар бұл мәселеге қатысты нақты жауап берген жоқ. Кейін компания айналасын өз көзімізбен де көрдік. Жиырма жылдық тарихы бар ағаштар оталған. Кейбір ағаштар тамыры соңына дейін оталмаған күйі тұр. Оның орнына компания жұмысшылары үшін көлік қоятын тұрақтар салынып жатыр. Бұл қаншалықты заңды? Аудан тұрғындары қоғамдық көлік күткенде күн астында шыжып тұратындарын айтуда. Облыс прокуроры қайда қарап отыр?», - дейді Тәшімова.

Ағаштардың оталуына қатысты KAZ.NUR.KZ сауалына Іле ауданының әкімдігі жауап берді. Олар оталған ағаш орнына көлік тұрағы салынатынын жоққа шығарып отыр.

«Шин-Лайн ЖШС ғимаратының аймағындағы ағаштарды кесуге 2021 жылдың 20 сәуірінен бастап рұқсат етілді. Бүгінге дейін 112 ағаш пен тал-шілік оталды. Ұйым компенсация ретінде он есе көлеммен көшеттер отырғызды. Бүгінде 1120 жапырақты ағаш отырғызылды. Компенсациялық ағаштарды отырғызу 12 мамырға дейін жалғасты», - делінген Іле аудандық тұрғын үй шаруашылық коммуналдық бөлімі берген жауапта.

Компания мәліметіне сенсек, аталған аймақта тұрғындарға жайлы аллея салу көзделген.

«Компания өз аумағындағы дұрыс күтілмеген, апатты жағдайда тұрған ағаштарды отап, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыдан дұрыс болуы үшін бастама көтерді. Аталған жоба бойынша біз әртүрлі ағаш тұқымдарынан тұратын 200 тал егіп, орындықтар қойып, газон төсеуді қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ, гүлдер егіліп, шағын архитектуралық нысандар бой көтереді», - делінген компания жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916439-prokuror-qaida-qarap-otyr-ekologtar-ile-audanynda-zuzden-asa-agastyn-otalganyn-aityp-dabyl-qaqty/