RU

Шымкентте теміржолшы әйелдер кабинетіне кіргізбеуге тырысқан басшысына терезеден кірді

Тұрғындар
Кадр: КТК

Шымкентте теміржолшы басшылығы кеңсеге мұңын айтып келгендерді кабинетіне кіргізбеуге тырысқан, бірақ ашулы топ терезеден кірді деп хабарлайды КТК арнасы.

Сарыағаш ауданындағы Алғабас теміржол стансасының бір топ теміржолшысы Шымкенттегі кеңсеге келген.

Олардың сөзінше, 2007 жылы "Қазақстан темір жолы" компаниясы Шеңгелді станциясынан 385 отбасын 40 шақырым жердегі Алғабасқа көшіріпті. Бәріне 10 сотықтан жер бөлген, алайда 81 учаске қызыл сызық үстіне түскен екен.

Басшылар бұны "шешіп береміз" дегенмен, үй салғандар содан бері сандалып жүргенін айтады.

"Сіздерге үш жылдың ішінде газ, су, мектеп салып береміз, осы жерден жер беріп жатырмыз, өтініш, барлық теміржолшылар, көшіңіздер" деді. Олардың сөзіне сеніп, үкіметтің сөзіне сеніп көшіп келдік. Үй-жайды тастап, бала-шағаны алып келдік", - дейді теміржолшы Нұржамал Тәшімбетова.

Қызыл сызық үстіне жаппай үй салған 81 отбасы бүгінде үлкен ауылға айналған. Бірақ үйдің құжаты болмаған соң ешқайда есепте жоқ. Билік заңсыз тұрып жатырсыңдар деп, не су, не жол жүргізбеген. Салдарынан әлеуметтік жәрдемақыдан да қағылыпты.

Одан бөлек, тұрғындар түгел ақша беріп жан-жақта тіркеуде тұрғандарын айтып, ашынды.

"Тіркеуге тұру үшін есептеңіз, төрт балаға 40 мың кетеді, өзім бар, күйеуім бар. Жетпейді ғой енді, су құйдырасың, анау-мынау істейсің. Соның шешімі болу үшін құжаттарымызды шығарып, базасына мемлекеттік актімізді енгізіп берсін", - дейді көпбалалы ана Жансая Қырғызбек.

Бірақ назын айтып, жүз шақырым жерден жеткен әйелдерді Шымкентте отыратын басшылары ішке кіргізбей қойған. Тіпті, есікті кілттеп алған. Бірақ олардың әрекеті онсыз да наразы топтың ашуын туғызған.

Ашуға булыққан топ есікті қойып терезеден кірген. Әйелдердің кетпейтінін түсінген басшылық амалсыз шыққан. Қаумалап мәселесін жаудырған топқа жөнді жауап бере алмаған.

"Былық әкімдіктен. Біздің қатысымыз жоқ", - дейді ҚТЖ Шымкент филиалы заң бөлімінің басшысы Ерғали Жансейітов.

Дегенмен "Қазақстан темір жолы" компаниясы теміржолшылардың 14 жылдан бері айтып келе жатқан шағымын енді зерттемек.

"Керек болса жерге шешім шығарып берген әкімдікті сотқа береміз" дейді.

Ал теміржолшылар мәселе шешілмесе, ұл-қызын жетектеп темір жолмен елордаға бармақшы.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916949-symkentte-temirzolsy-aielder-kabinetine-kirgizbeuge-tyrysyqan-bassysyna-terezeden-sekirip-kirdi/