Тәулігіне 500 доллар алады: Оңтүстік Кореяның әйгілі аралында 16 киіз үйден тұратын ауыл пайда болды
Жарияланған күні:
Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында 16 киіз үйден тұратын ауыл пайда болды деп хабарлайды "Хабар 24".
Аралда заманауи баспаналар да бар. Бірақ олардың көбі бос тұрғанға ұқсайды. Себебі, туристердің көпшілігі көшпенді елдің өмірімен танысқысы келіп, киіз үйлерді таңдайтын көрінеді.
"Мұнда киіз үйлер тұңғыш рет тігілді. Көптеген туристер оларды бірінші рет көріп отыр. Моңғолия мен Қазақстанда осындай үйлер бар екенін тек саяхатқа арналған телебағдарламалардан естіп білген. Сондықтан туристер тарапынан зор қызығушылық бар. Біздің кешен көркем жерде орналасқан, барлық жағдай жасалған. Сол үшін халықтың арасында танымал деп ойлаймыз", - дейді басқарушы компанияның бөлім басшысы Ким Сон Ги.
Киіз үйде тұру бағасы тәулігіне шамамен 500 долларды құрайды. Өңірде бір бөлмені бес есе арзан жалға алуға болатындығын ескерсек, бұл қымбат. Ал басқарушы компания болса, бағаны әділ деп санайды, өйткені киіз үйде бірден төрт адамға тұруға болады. Бұл сомаға келушілер минералды сумен толтырылған бассейнді және квадроциклді пайдалана алады екен.
"Осындай киіз үйлерді жобалау кезінде біз көптеген материалдарды зерттедік. Дизайнды америкалық компания жасады. Көптеген қонақтар бұл дәстүрлі моңғол тұрғын үйі деп ойлайды. Ал біз оларға бұл Орталық Азияның киіз үйлері деп жауап береміз. Мен өзім Қазақстанда болған емеспін.
Бірақ мен қазақтардың бізге өте ұқсас екенін білемін. Онда корейлердің үш ұрпағы тұрады. Географиялық жағынан өте алыс болғанымен, тіліміз бен сыртқы келбетіміз ұқсас. Ертеде біз бір халық болған шығармыз", - дейді басқарушы компанияның аға менеджері Ким Дже Син.
Айта кетейік, киіз үйді табыс көзіне айналдырып отырған компания енді ас мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдарын қосу мүмкіндігін де зерттеп жатыр.
Сонымен қатар, қазан айынан бастап бұл ауылға келушілер атқа мініп, экзотикалық тағамдармен таныса алады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917014-tauligine-500-dollar-alady-ontustik-koreyanyn-aigili-aralynda-16-kiiz-uiden-turatyn-auyl-paida-boldy/