Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінен шақырту алды
Жарияланған күні:
Қазақстандық суретші әйгілі Louis Vuitton сән үйінде қызмет етуге шақырту алды. Анейля Ибраимова Ұлыбритания, Оңтүстік Африка мен Ирландиядағы танымал сауда желілері мен сәнқойларға арнап қол сандықтарды безендіреді деп жазады ҚазАқпарат.
24 жастағы жас талант Анейля Қарағандының тумасы, соңғы он жылдан бері Лондонда тұрады. Сурет өнерін осы жақта меңгерген. Екі жыл бұрын әйгілі Louis Vuitton сән үйіне қарапайым сатушы болып жұмысқа тұрған ол, кейін дизайнер ретінде байқауда бақ сынап көреді.
"Екі айға созылған қатал іріктеуден өттім. Ұлыбритания және Еуропа елдерінің суретшілері арасынан таңдап алынған 17 дизайнердің бірі болғаныма шексіз ризамын. Әртүрлі идеяларды жүзеге асырамыз. Клиенттердің назарын аудару үшін және Louis Vuitton саудасын жүргізу үшін креативті ұсыныстар дайындаймыз", - дейді жас суретші.
Қылқаламның хас шебері қазір Louis Vuitton-ның әйгілі қолсандықтарын безендіреді. Жалпы сән үйінің шеберханасына кіруге рұқсат жоқ - өндірістік құпия. Бірақ Анейля жеке қорындағы фотолармен бөлісті. Айнеляның әрбір суреті қайталанбас дүние.
Сондықтан оларды сатып алуға танымал тұлағалар да, өнерге құштар жандар да асық. Мына бір қолсандықта Виктория патшайымның тәжі бейнеленген. Қылқалам шебері оны түпнұсқаға ұқсатып, дәлме-дәл жеткізуге тырысқан.
Анейляның анасы Зәуре Мұхамадиева Лондонда консалтинг саласында еңбек етеді. Бастапқыда қызының қаржыгер болуын қалаған ол кейін Анейляның шығармашылыққа жақын екенін байқап, оған жүрегі қалаған мамандықты оқуға кеңес берген.
"Қызымның осындай дәрежеге жеткеніне өте ризамын. Негізінен, бұл оның жеке жетістігі. Ол - өте еңбекқор адам. Әрдайым мақсатына жетуді көздейді және жетеді. Өмірде бастысы жалқауланбау керек. Биік мақсаттар қойып, ұмтыла білу қажет. Шетелде бәсекелестік өте жоғары. Бірақ адам еңбек етіп, ұмтыла білсе, әрдайым мақсатына жетеді. Барлықтарыңызға айтарым, жас дарындарды қолдай білейік", - дейді Анейляның анасы, жеке кәсіпкер Зәуре Мұхамадиева.
Анейля жеке шығармашылығын да дамытып келеді. Ол күзге қарай Лондонда өз көрмесін ашуды жоспарлап отыр.
Жеке туындыларын қайырымдылық аукционына шығарып, одан түскен қаражатты жергілікті ғибадатхананы жөндеу жұмыстарына жұмсамақ. Суретші туған жерімен де байланысын үзбеуге тырысады. Болашақта Қазақстанда жеке көрмесін ашуды жоспарлап жүргенін айтады.
"Мен әрдайым Қазақстанмен байланыста болғым келеді. Өйткені Отаным мені қанаттандырады", - дейді Анейля.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917026-qazaqstandyq-suretsi-aigili-louis-vuitton-san-uiinen-saqyrtu-aldy-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.