Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

NASA-да тағылымдамадан өтуге жолдама алған алматылық оқушы туралы не білеміз

Опубликовано:

Дана Кариева
Фото: Дана Кариеваның жеке мұрағаты

Алматылық оқушы Дана Кариева АҚШ-тағы NASA-да халықаралық тағылымдамадан өтуге шақырылды. Дана әлемнің ең үздік 50 оқушысының басын біріктіретін Хьюстондағы United Space School мектебіне қалай жолдама алғаны жөнінде KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Алматылық оқушының былтыр коронавирус толқыны ушыққанда жасаған ерлігі де айтуға тұрарлық. Ол туған қаласы Ақсуда (Павлодар облысы) дәрі жетіспеушілігін шешу үшін өз аяғымен елдімекендегі барлық дәріхананы аралап, ондағы бар ең қажетті дәрі-дәрмек тізімін жасап шыққан.

Дана Кариева Павлодар облысы Ақсу қаласында алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Бүгінде Алматыдағы респбуликалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол ғарышқа ұшу саласын зерттейтін АҚШ агенттігімен жақынырақ танысатынына қатты қуанғанын айтады.

Еске сала кетсек, NASA – 1958 жылы құрылған аэронавтика жəне ғарышқа ұшу саласын зерттейтін АҚШ үкіметінің агенттігі. Дана Кариеваның айтуынша, Хьюстондағы United Space School мектебі сыннан өте алған 50 оқушыны ғана қабылдайды. Соның бірі - өзі.

"Мен тағылымдамаға қатысу туралы өтінішті қыста беріп қойдым. Оған өтініш қалдыру үшін өзім туралы қысқаша түйіндемемді, жетістіктерімді, зерттеу жобаларымды, және ғарыш мамандарына келесі сапарда қайда шығу керегі туралы ойымды эссе түрінде жаздым. Бірінші кезеңнен өткен соң, екінші кезеңге мені сұхбатқа шақырды. 30 минуттай бейнеқоңырау арқылы мектеп өкілдерімен сөйлестік. Онда мен ғарышқа қатысты ойларымды айттым. Сұрақ қойдым. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты соңғы екі жылда бұл бағдарлама онлайн өтуде. Бізде тағылымдамаға дайындық-оқу басталып кетті. Апта сайын біз үй тапсырмасын жіберіп отырамыз. Бір-бірімізбен Facebook арқылы сөйлесеміз.

Осындай мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Өйткені бала кезімнен ғарышқа қызығатынмын, сол тақырыпта түрлі деректі фильмдер көріп, энциклопедия көп оқыдым. Жұлдызды аспанды мобильді қосымша арқылы бақылап, Алматыдағы обсерваторияға жиі баратынмын", - дейді жас ғалым.

Дана Кариева өмірдегі және оқудағы тәлімгерлері жайлы да сөз етті.

"Менің ең басты ұстазым - анам, ол маған көмектесіп, менің барлық бастамаларымды, қызығушылықтарымды қолдап келеді. Мен Ақсу деген кішкентай қалада туып-өстім. Соған қарамастан анам менің оқудан, спорттан, музыкадан жан-жақты хабардар болып өсуім үшін бәрін жасады.

Сондай-ақ, мектептегі ұстаздарыма да рахмет. Әсіресе, мұғалімім Гаухар Тастембекова, физика мұғалімі Довгаль Юрий, және биология мұғалімі Бауыржан Смайловқа алғыс айтамын. Менің ғылымға қызығушылығымды арттырған осы кісілер", - дейді Дана.

Алматылық оқушының былтыр коронавирус толқыны ушыққанда жасаған ерлігін айтпай кетуге болмас. Ол өзі туған Ақсу қаласында дәрі жетіспеушілігі мәселесін шешуде әлеуметтік желінің күшімен тұрғындарға көмектескенін мақтанышпен айтады. Өрімдей қыз өз аяғымен қаладағы барлық дәріханаларды аралап, ондағы бар ең қажетті дәрі-дәрмек тізімін жасап шыққан.

"Шілдеде мен дәрі іздеп сабылған жерлестеріме көмектесу үшін инстаграмнан парақша аштым. Ол үшін қаладағы барлық дәріханаларды аралап шықтым. Екі дәріхана маған көмектесетін болды. Олармен бірге адамдар жиі іздеп жүрген дәрілердің тізімін жасадық. Бір күннен кейін фармацевттер өздерінде қандай дәрі бар екенін жаза бастады. Адамдар сұрақ қойып, өзіне қажетті ақпарат алатын болды. Егер олар қандай да бір дәріні таба алмай жүрсе, мен фармацевттерден сұрап, біліп беріп отырдым", - дейді Дана Кариева.

Алматылық оқушы болашақта ғылым, инновация саласына ден қойып, адамдарға пайдалы дүниелерді жасап шығаруға ат салыссам дейді.

"Иә мен биыл мектеп бітіремін. Өзімді стартап, ғылым саласында сынап көрмекшімін. Өйткені мен астрономия, биологияға қатты қызығамын. Ал стартап - инновация жасауда өте мықты әдіс. Ғылымның көмегімен адамдарға пайдалы нәрсе жасауға мүмкіндік береді", - дейді ол.

Дана Кариева астрономиямен қатар биологияны сүйіп оқиды, ол олимпиадалық резерв мүшесі, бірнеше мәрте олимпиада жүлдегері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917178-nasa-da-tagylymdamadan-otuge-zoldama-algan-almatylyq-oqusy-turaly-ne-bilemiz/

pixel