RU

"28 жасқа толар еді": Бүгін Денис Теннің туған күні

Денис Тен
Фото: РИА Новости/Александр Вильф

Бүгін әйгілі спортшы Денис Теннің туған күні. Даңқты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы көзі тірі болғанда 28 жасқа толар еді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Әлеуметтік желі қолданушылары еліміздің дарынды мәнерлеп сырғанаушысы, Олимпиада жүлдегері, Азия чемпионын еске алуда. Олардың арасында әнші Димаш Құдайберген де бар.

"Бүгін біздің қаһарман Денис Теннің туған күні. Сен мәңгі біздің жүрегіміздесің. Аты аңызға айналған досым, жатқан жерің жайлы болсын", - деп жазған Димаш.

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген,.

Ол - Корей империясы кезінде даңқты қолбасшы болған генерал Мин Гынхоның ұрпағы. Денис конькимен мәнерлеп сырғанаудан бөлек, өзге де спорт түрлерімен, атап айтқанда, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ, жүзумен айналысып, би және сурет салу мектебіне де барған сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болатын.

Денис кішкентайынан музыкаға әуес болып, хорға да қатысқан. 2002 жылы Денис Тен қатысқан хор ұжымы Пусандағы хор олимпиадасында күміс медальға ие болған еді. Спортшы кейіннен мәнерлеп сырғанау өнеріне біржолата бет бұрады. 2003 жылы "Хрустальный конек" турнирінде Денисті Елена Буянова байқап, Мәскеуге өзінің қоластында жаттығуға шақырады.

Нәтижесінде, Денис 2006 жылы ересектермен сайысқа түсіп, Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Спортшы халықаралық жарыстарға 2010 жылдан бастап шыға бастайды. Денис Тен 2014 жылы өткен Сочи олимпиадасында Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені алып берген спортшы атанады.

Сондай-ақ, ол мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы және Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Еске сала кетсек, 2018 жылы 19 маусымда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Артынша, спортшының өліміне күдіктілер ұсталды.

Олардың бірі Жамбыл облысының тұрғыны Нұралы Қиясов болса, екіншісі Қызылорда облысының азаматы Арман Құдайбергенов болып шықты.

Кейінірек екі азамат та өз қылмыстарын мойындап, Денис Тенді танымағандарын айтты. Спортшы 21-ші шілде де жер қойнына тапсырылды.

Ал жақында Денис Теннің өлімі бойынша сотталғандардың бірі Жанар Толыбаева алғаш рет БАҚ-қа сұқбат берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917401-28-zasqa-tolar-edi-bugin-denis-tennin-tugan-kuni/