Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көмек қолын созуыңызды сұраймын": Аймағамбетов ұстаздар қауымына хат жолдады

Опубликовано:

білім министрі
Фото: Асхат Аймағамбетов/Facebook

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұғалімдерге арнаған хатын жария етті деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Барлығы үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы өз мәресіне жеткенін сөз еткен Аймағаметов бұл оқу жылында аянбай қызмет еткен мұғалімдердің жұмысына баса назар аударды.

Өз хатында министр мектептерге мүлде жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейтінін алға тартқан. Ол осы орайда ұстаздарға өтініші барын жазып отыр.

"Жұмсалған күш-жігерге қарамастан, қашықтан оқыту кезінде әртүрлі себептерге байланысты артта қалған балалардың білімдері мен басқа оқушылардың білім деңгейін салыстырғанда алшақтық байқалады. Бұл жағдайдың орын алғанына балалар кінәлі ме? Әрине, балалардың еш кінәсі жоқ. Олар дәстүрлі форматта білім алса, Сіздің қолдауыңызды сезініп, өздерін көрсете алар еді деп сенемін.

Оларға бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін мүмкіндік беруіміз керек пе? Әлбетте. Мен, сіздің әріптесіңіз ретінде, мамандығымызға тән қасиет - ізгілікке ұмтылып, шәкірттеріңізге көмек қолын созуыңызды сұраймын", - деп жазды Аймағамбетов.

Министр пандемияға байланысты оқу бағдарламасынан қалып қойған оқушыларға ерекше назар аудару қажеттігін жазуда.

"Мұндай балалар қазір барлық назарымызды қажет етеді. Олардың әлеуеті зор. Сондықтан балаларымызға қолдау көрсетуіміз керек. Бүлдіршіндерімізді өз қамқорлығыңызға алып, қиындықтарға қарамастан олқылықтардың орнын қосымша сабақтар өткізу арқылы толтырасыздар деп үміттенемін. Менің бұл өтінішімді қабыл алуыңызды сұраймын", - дейді еліміздің бас ұстазы.

Аймағамбетов осы орайда ұстаздарды жазғы мектептердің жұмысына 26 мамыр - 20 маусым аралығында белсене қатысуға шақырды.

"Осы жылы соңғы қоңырау мерекесінде ерекше сезімге бөленгеніңізді білемін. Өйткені, бір жағынан оқу жылы аяқталып жатса, екінші жағынан - жазғы мектептер жұмыс істей бастады. Біз мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз", - деп уәде етті министр.

"Хатымды аяқтай отырып, Сізді вакцинация науқанында белсенді азаматтық ұстанымыңызды танытып, вакцинация туралы ғылыми деректерді тарату барысында көмек көрсетуіңізді сұраймын. Сондай-ақ аталған тақырып аясындағы жалған ақпаратпен күресуге шақырамын.

Мен оқытудың дәстүрлі форматын қолдаймын және бүлдіршіндеріміз үшін мектеп есіктері айқара ашылады деп үміттенемін. Халық вакцинация науқанына неғұрлым белсенді қатысса, әдеттегі өмір ырғағына соғұрлым тезірек оралатынымыз сөзсіз", - деген министр хатын ұстаздарға арналған ақ тілектерімен аяқтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917416-komek-qolyn-sozuynyzdy-suraimyn-aimagambetov-ustazdar-qauymyna-xat-zoldady/

pixel