Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі педагог мектеп бағдарламасынан орыс әдебиетін алып тастауды ұсынды

Опубликовано:

Аятжан Ахметжанұлы
Фото: Facebook/Аятжан Ахметжанұлы

Белгілі педагог, мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы мектеп бағдарламасындағы орыс әдебиетін әлем әдебиетіне алмастыруды ұсынды. Білім беру саласының жанашыры бұл пікірді Kazbilim.kz сайтында жарияланған мақаласында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аятжан Ахметжанұлы - білім саласында өзінің өткір ойын ашық айтып жүрген педагогтардың бірі. Педагог қазақ тілінде білім алып жүрген оқушыларға орыс әдебиетінен гөрі әлем әдебиетінің қазақ тіліндегі аудармасын оқыған әлдеқайда пайдалы деген пікірді ұстанады.

"Мектепте жүргендіктен, химик болсам да, өлең жазып, кітап құмар болғасын әдебиет ауылынан алыс емеспін. Тәрбие мен білім – жан қайғысы, сондықтан мектептегі әдебиет сабағы мен үшін қызық. Ең алғаш 2011 жылы мектепке мұғалім болған кезде оқушылардың қолынан қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетін қатар көргенде «Бізге қазақтан соң ең жақын орыс па?» деген сұрақ миыма келді. Қатты таңғалдым. Батыс-шығысы, оңтүстік-солтүстігі бар дөңгелек жер шарынан, ақ-қарасы, сарысы бар 2000-ға жуық ұлт әдебиетінен қазақ баласы неге орыс әдебиетін ғана оқуы керек? Бұл сұрақтың жауабын әлі таппадым", - дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Ол орыс әдебиетін ешбір әдебиеттен төмен санамайтынын, алайда қазақ баласының тек сонымен шектеліп қалатынына алаңдайтынын айтады.

"Мен орыс әдебиетін нашар әдебиет демеймін, ұлы шығармаларға толы әдебиет. Орыстың Толстойдай ұлы жазушысының тоқсан томын болмаса да, тоғыз томын оқыған адаммын. Бірақ неге тек орыс әдебиеті?

Біріншіден, Толстойды оқыған қазақ баласы неге Байронды оқымауы керек, неге Шекспирді оқымауы керек. Айтыңдаршы әділет пе?

Екіншіден, орыс әдебиеті біз үшін түркі әдебиетінен биік пе? Біздің қазақ баласы өзінің тамырлас жұрты өзбек, қырғыз, түрік, татар әдебиетін неге оқымауы керек?", - деген ойын жеткізді педагог.

Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, қазақтілді мектеп оқушылары бұдан бөлек араб елдерінің, қытайдың әдебиетін оқып, оларды ішінен тануына мүмкіндік алады. Мектеп директоры әлем әдебиетін оқытатын педагогтарды табу қиындық тудырмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері аударма әлем әдебиетінен сабақ бере алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917553-belgili-pedagog-mektep-bagdarlamasynan-orys-adebietin-alyp-tastaudy-usyndy/

pixel