RU

"Қауіпті жағдай бізді алаңдатып отыр": Бас санитар дәрігер қазақстандықтарға үндеу жасады

Тұрғындар
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстан халқына үндеу жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бас санитар дәрігердің үндеуін коронавирустың талауын болдырмау жөніндегі ВАК ресми Telegram-каналында жария етті. Үндеудің толық нұсқасын назарға ұсынамыз:

"Әлем елдерін індеттің қайта таралуы алаңдатып отыр. COVID-19-дың үшінші толқыны орын алу қаупі туындады.

Әсіресе, вакцинация деңгейі баяу елдерде вирусты жұқтыру көрсеткіші күрт артты. Жер жүзінде 176 миллионнан астам адам вирус жұқтырды, күн сайын 290 мыңнан аса жаңа дерек тіркеліп отыр. 3,8 миллионнан астам адам көз жұмды. Қазақстанмен шекаралас аймақтарда қалыптасқан қауіпті жағдай бізді алаңдатып отыр. Ресей мен Қырғызстанда ауру таралу көрсеткіші өткен жылдан да асып түсті.

Қазақстанның қазіргі эпидемиологиялық ахуалы тұрақты, тұрғындар арасында вирус жұқтыру төмендеген. Алайда, жаз айларында біздің көптеген отандастарымыз алыс-жақындағы шет мемлекеттерге барып демалуға ағылады. Соның ішінде, СOVID-19-дың таралуы бойынша эпидемиологиялық ахаулы алаңдатарлық елдер де бар. Мұны ескермеуге болмайды.

Шетелде демалуға ниетті азаматтарды өзінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамын.

Вакцинация сіздің ағзаңыздың вирусқа қарсы қорғанышын қамтамасыз етіп, саяхатты қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Жазғы демалысты алаңдамай, ойдағыдай өткізу үшін COVID-19-ға қарсы екпе алыңыз.

Вакцинация сізге әуежайларда еш қиындықсыз елге оралуыңызға, әрі өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпсіз сезінуіңізге мүмкіндік береді", - деп жазды Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917718-bas-sanitar-dariger-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/